Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында ойын алаңының маңында баланы тоқ соқты

тоқ соққан
Фото: energo-trest.ru

Қарағанды облысында ойын алаңының жанындағы электр бағанына шыққан 10 жастағы баланы 6000 вольт кернеудегі тоқ соғып, жансақтау бөліміне түсті. Оқиға Долинка кентіндегі Заводской тұйығында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Туыстарының айтуынша, Сергей есімді бала балалар алаңының жанында орналасқан электр беру желісінің металл тірегіне шығып кеткен. Кернеуі 6000 вольт болатын бағанға көтерілген бала тоқ соғып, кейін биіктен құлаған.

Қазіргі уақытта бала ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оған тоқ соғу салдарынан ауыр күйіктер мен құлау кезінде алған жарақаттар диагнозын қойған.

"Дәрігерлерден жақсы жаңалық күтіп, сауығып кетуі үшін дұға жасап отырмыз. Бізді ең қатты алаңдататыны – бұл тіректің балалар алаңынан бірнеше метр жерде еш қоршаусыз тұрғаны. Балалар ол жерге үнемі барып, бағанға өрмелейтін", – дейді зардап шеккен баланың туысы.

Жақындарының сөзінше, оқиғадан бірнеше күн өтсе де нысан маңында қоршаулар мен ескерту белгілері орнатылмаған. Сонымен қатар олар нақты біреуді кінәламайтындарын және ресми тексеру нәтижесін күтетіндерін айтты.

"Біз бұл жағдайға назар аударылып, мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін барлық қажетті шараның қабылдануын сұраймыз. Бүгін жансақтау бөлімінде менің інім жатыр, ал ертең оның орнында кез келген бала болуы мүмкін", – дейді туыстары.

Қарағанды облыстық полиция департаменті баланың жарақат алу дерегі тіркелгенін хабарлады.

"Материалдар қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін Қарағанды облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жолданды", – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі.

Назархан Уән
Жексенбі, 07 Маусым, 2026 16:30