"Салтанат Бақаева көмектесті": Блогер Нұрхан Нұрмаханбет кәсібіне көмектескен әнші туралы айтты

Танымал блогер әрі кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбет Kezdesu жобасына берген сұхбатында алғашқы кәсібі қалай басталғанын және оған әнші Салтанат Бақаеваның қолдау көрсеткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның сөзінше, бәрі Алматыға алғаш келген кезінен басталған. Қалаға келген соң ол ауруханаға түсіп қалып, бір палатада клининг компаниясының басшысымен бірге жатады. Сол кезде Нұрхан бұл саланың не екенін де білмегенін жасырмады.
“Ол кезде мен бизнестің, шаңсорғыштың не екенін де білмейтін едім. Осы уақыттан бастап миым дами бастады. Клининг дегеннің не екенін алғашында түсінбедім. Кейін үй тазалайтын компания екенін естігенде, “мұндай да болады екен, бізде ауылда үйіңді біреуге ақша беріп жинатсаң, ұрып өлтіреді ғой” деп таңғалдым”, – деді ол.
Кейін Нұрхан сол компанияға жұмысқа орналасып, шамамен екі жыл еңбек етеді. Алғашында қарапайым қызметкер болып бастаған ол бір жылдан кейін әкімші қызметіне ауысады. Сол уақытта күніне 2 мың теңге табыс тапқанын айтты.
ОқыңызАлайда кейін жұмыс берушісі айлығын уақытында бермей, бірнеше ай бойы түрлі сылтау айтқан. Ақырында Нұрхан жұмыстан шығып қалған. Оның сөзінше, сол кезеңде ішерге тамақ, киерге киім таппай қиналған күндері болған.
“Мен сол жақта көп нәрсені үйрендім, түсіп жатқан тапсырыстарды, ақшаны көрдім. Ол кезде күніне 2 мың теңге алатынмын. Кейін ол кісінің інісі үйленіп, айлығымды күндік емес, айына жинап берейінші деді. Мен оған сендім. Бірінші айлықты беретін кезде “Інім үйленіп жатыр, ақшаның бәрі соған кетіп жатыр” деді. Екінші айда да сондай бір сылтау айтады. Солай 3-4 ай өтіп, артынан менің жұмысыма тиісе бастайды. Ақыры жұмыстан шығарып жіберді”, – деді ол.
Жұмыссыз қалған кезде бұрынғы клиенттері оны жеке шақырып, үй тазалатып отырған. Солардың бірі әнші Салтанат Бақаева болған.
Нұрханның айтуынша, әнші оның жағдайын тыңдап, өз кәсібін бастауына қолдау көрсеткен.
“Алғашында мені ұнатып, жеке нөмірімді қоймай алып қалған клиенттерім үйлеріне шақырып, солай күн көріп жүрдім. Бір күні үйіне Салтанат Бақаева үйіне шақырды. Ол кісі мені қатты ұнататын еді. Оған барлық болған жағдайды айтып беремін. Салтанат Бақаева маған: “Техника алуыңа ақша берейін, кәсібіңді баста. Кейін жағдайың болғанда қайтарарсың” деді. Сол күні маған үлкен көмек жасады”, – деді кәсіпкер.
Салтанат Бақаева оны Жанар Айжановамен де таныстырған. Нұрхан қажетті құралдары болмағандықтан, Жанар Айжанованың үйін мақталы таяқшамен тазалап бергенін айтты.
Жанар Айжанова оның еңбегін жоғары бағалап, әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен. Осыдан кейін Нұрханға тапсырыс көп түсіп, кәсібі біртіндеп дами бастаған.
Кәсіпкердің айтуынша, сол кездегі қолдау оның өміріндегі үлкен бетбұрыстардың бірі болған.
Еске салайық, бұған дейін 21 жастағы клининг компаниясының директоры Нұрхан Нұрмаханбет айына 20 миллион тауып, 200 адамға жұмыс беріп отырғанын айтып, табысты болудың құпиясын бөліскені хабарланған еді.
"Том Хардиге ұқсаймын": Желіде жарияланған бір ғана жазба қазақстандық қарапайым сатушының өмірін қалай өзгертті