"ҚазТрансОйлдың" бұрынғы топ-менеджері Берік Салпек 6 жыл 8 айға сотталды
Атырауда квазимемлекеттік сектордың топ-менеджерлері мемлекетке 6 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Іс бойынша бес адам нақты бас бостандығынан айырылды. Олардың арасында "ҚазТрансОйлдың" бұрынғы басқарушы директоры Берік Салпек те бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, істің басты фигуранты — Берік Салпек. Ол бұған дейін "Магистральный водовод" ЖШС-ін басқарған, ал соңғы жылдары "ҚазТрансОйл" АҚ-да басқарушы директор қызметін атқарған.
Атырау облыстық сотының мәліметінше, тергеу С. есімді азамат қызметтік жағдайын пайдаланып, мердігер ұйымды бейресми түрде бақылаған. Ол жобаға заңсыз өзгерістер енгізу арқылы қаражат жымқырған. Бұл іске оның бұрынғы орынбасары, мердігер ұйымның қызметкерлері және жобаға авторлық қадағалау жүргізген компания өкілі көмектескен.
“Дәл осы ұлттық компания Қазақстанның батысы үшін аса маңызды нысан — "Астрахань – Маңғышлақ" жасанды арнасын қайта жаңғырту жұмыстарын қаржыландырған. Бұл арна арқылы Атырау және Маңғыстау облыстарына тұщы су жеткізіледі. Тергеу барысында арнайы прокурорлар жобада жоспарланған құбырлардың орнына арзанырақ құбырлар қолданылғанын анықтаған. Алайда жобаның жалпы құны өзгермеген. Ал құбырлар бағасындағы айырмашылықтың қайда кеткені белгісіз болып қалған. Айыптау актісіндегі есеп бойынша, осының салдарынан мемлекеттік кәсіпорынға 6 миллиард теңгеден астам шығын келген”, – делінген хабарламада.

Осыдан кейін Берік Салпекке қатысты сұрақтар туындап, кейін қылмыстық іске Асқар Құлтумиев, Нұржан Аханов, Арман Мазкенов және Аслан Ишанов та тартылған. Айта кетерлігі, күдіктілер сотқа дейін қамауға алынбаған. Ал қылмыстық істің сотқа жетуі де ұзаққа созылған. Іс сотқа тек 2025 жылдың соңында жолданған. Ақырында сот үкімі шығып, барлық фигурант алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды:
- Берік Салпек — 6 жыл 8 айға;
- Асқар Құлтумиев, Арман Мазкенов және Аслан Ишанов — 6 жылға;
- Нұржан Аханов — 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталғандардың барлығы сот залында қамауға алынды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.