Қонаевтағы ойынханалар миллиардтаған салық төлеген: Енді жаңа ойын аумағын Алматы түбінен ашпақ

Алматы облысында заңды ойын бизнесі биылғы алты айда бюджетке 25 миллиард теңге салық түсірді. Оның 10,6 миллиард теңгесі облыс қазынасына бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2026 жылдың алғашқы алты айында Алматы облысындағы заңды ойын бизнесі субъектілерінен мемлекеттік бюджетке 25 миллиард теңге салық түсті. Оның ішінде 10,6 миллиард теңге өңірлік бюджетке аударылған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, соңғы екі жарым жылда ойын бизнесі мемлекеттік бюджетке жалпы 184,7 миллиард теңге салық төлеген. Соның 53,8 миллиард теңгесі Алматы облысының бюджетіне түскен.
Қазір Қонаев қаласында 21 ойын бизнесі нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және 3 ойын автоматы залы бар. Бұл салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді.
Өңір билігінің айтуынша, ойын бизнесі туризмнің дамуына да ықпал етіп отыр. Туризм басқармасының дерегіне сәйкес, Қонаевтағы казиноларға келетіндердің шамамен 20 пайызы – шетелдік туристер. Олар қонақүйлерге орналасып, қоғамдық тамақтану орындарына барып, көлік пен сауда қызметтерін пайдаланады. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың жандануына әсер етеді.
Сонымен қатар қолданыстағы "Ойын бизнесі туралы" заң аясында Талғар ауданында тек шетел азаматтарына арналған жаңа ойын аймағын құру жоспарланып отыр. Бұл бастама Қоғамдық кеңесте қаралып, оң қорытынды алған
Жобаны дәл Талғар ауданында іске асырудың басты себебі – оның туристік әлеуеті. Аудан Алматы қаласы мен халықаралық әуежайға жақын орналасқан, сондай-ақ "Ақбұлақ" спорттық-сауықтыру кешені, Oi-Qaragai тау шаңғысы курорты, Aquaasia Resort және Tal Resort сияқты демалыс орындары шоғырланған.
Билік жаңа ойын аймағы өңірдің туристік экожүйесінің бір бөлігіне айналып, қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына серпін береді, жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартып, бюджет кірісін арттырады деп күтеді.
Еске салайық, Қазақстанда онлайн казиномен 3,1 миллиард теңге табыс тапқан ер адам Грузияда ұсталған еді. Ойын платформасының жұмысы үшін “bingo37.pro” сервисі пайдаланылған. Олардың қатарында "Crazy Monkey", "Keno", "Euro Game" және басқа да танымал ойындар бар.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді
Оқыңыз