Қазақстандағы ең табысты банктердің рейтингі жаңарды: Кімнің пайдасы өсті, кімдікі азайды

Банк секторындағы табыс әлі де жоғары болғанымен, өсім қарқыны бәсеңдей бастады. Stan.kz Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің 2026 жылдың алғашқы алты айындағы қаржылық нәтижелерін саралап көрді. Талдау көрсеткендей, нарық көшбасшыларының көпшілігі таза пайдасын азайтып, сектордың жалпы табысы бір жылда 13%-ға қысқарған.
Көшбасшылардың өзі өсімді сақтай алмады
2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның банк секторы бұрынғыдай жоғары табыс көрсеткенімен, жалпы динамика баяулай бастады.
Банктердің жиынтық таза пайдасы 1,196 триллион теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13%-ға азайды. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 1,379 триллион теңге болған еді.
Нарықтағы ең ірі ойыншылардың өзінде табыстың төмендеуі байқалады. Ең көп пайда тапқан Halyk Bank 463,6 миллиард теңге таза табыс көрсеткенімен, өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға аз. Екінші орында тұрған Kaspi Bank-тің таза пайдасы 265,1 миллиард теңгеден 226,8 миллиард теңгеге дейін төмендеп, 14%-дық құлдырау көрсетті.
Үшінші орында орналасқан Банк ЦентрКредиттің табысы 22%-ға қысқарып, 137,4 миллиард теңгеден 106,5 миллиард теңгеге түсті. ForteBank-те де айтарлықтай төмендеу байқалады. Банк бір жыл ішінде таза пайдасының 30 %-ын жоғалтып, 69 миллиард теңге ғана тапқан.
Ірі банктер арасындағы ерекше өсімді Отбасы банк көрсетті. Оның таза пайдасы 63,8 миллиард теңгеден 86,4 миллиард теңгеге дейін артып, 35 %-дық өсім тіркелді. Бірінші жартыжылдықтағы ең жоғары оң динамикалардың бірі болды.
Орта деңгейдегі банктер арасында да әркелкі нәтиже байқалады. Ситибанк Қазақстанның таза пайдасы 18 %-ға өсіп, 52,2 миллиард теңгеге жетсе, Home Credit Bank 4 %-дық, ICBC Алматы 20%-дық өсім көрсетті.
Ал Bank RBK мен ВТБ Қазақстанның табысы тиісінше 20%-ға төмендеді. 2026 жылғы есепте алғаш рет көрсетілген бірқатар банктің нәтижелері де назар аудартады. Bereke Bank пен Altyn Bank әрқайсысы 13,6 миллиард теңге көлемінде таза пайда тапса, Freedom Bank Kazakhstan – 12,7 миллиард, Еуразиялық банк – 11,2 миллиард, Қазақстан-Зираат Интернешнл Банк – 10,6 миллиард теңге пайда көрсетті.
Сонымен бірге барлық банк бірдей оң нәтиже көрсеткен жоқ. Коммерциялық Банк БиЭнКей бірінші жартыжылдықты 1,5 миллиард теңге шығынмен аяқтаған жалғыз банк болды.
Жалпы статистика банктердің табыстылығы сақталғанымен, сектордағы қарқынның бәсеңдей бастағанын көрсетеді. Бұған дейін рекордтық кіріс көрсетіп келген ірі қаржы институттарының көпшілігі биыл таза пайда көлемін азайтты. Осылайша, сектордың жиынтық табысы бір жыл ішінде шамамен 183 миллиард теңгеге қысқарды.
Тәуекел қай банктерде жоғары?
Шілде айындағы Ұлттық банктің статистикасына сәйкес, банктердің басым бөлігі тәуекел көрсеткіштері бойынша реттеуші белгілеген нормативтерді сақтап отыр. Дегенмен кейбір банктердің несие портфелі бірнеше ірі қарыз алушыға көбірек шоғырланған.
Мәселен, ірі қарыз алушыларға шоғырланған тәуекел (көрсететін Рк коэффициенті) бойынша Қазақстан–Зираат Интернешнл Банкі (1,065), Нұрбанк (1,033), Қытай Банкі Қазақстанда (0,728), Заман-Банк (0,720) және Bank RBK (0,526) өзгелерден жоғары көрсеткіш көрсеткен. Мұндағы, Рк коэффициенті дегеніміз – банктің ірі қарыз алушыларға қаншалықты тәуелді екенін көрсететін көрсеткіш. Ал Kaspi Bank, Банк ЦентрКредит, Home Credit Bank, KMF Bank, ВТБ Қазақстан және Коммерциялық банк BNK бойынша осы коэффициент нөлге тең. Бұл аталған банктердің ірі корпоративтік клиенттерге тәуелділігі төмен екенін аңғартады.
Әрине, жоғары көрсеткіштің өзі банктің қаржылық жағдайы нашар деген сөз емес. Бірақ ол несие портфелінің құрылымын көрсетеді. Яғни белгілі бір банктердің ірі клиенттерге тәуелділігі басқаларға қарағанда көбірек.
Өтімділік жеткілікті ме?
Банк үшін пайда табу маңызды болғанымен, ең маңыздысы – салымшы ақшасын сұраған кезде оны қайтарып бере алу. Сондықтан Ұлттық банк өтімділік көрсеткіштеріне ерекше мән береді. Айта кетейік, өтімділік – банктің кез келген уақытта клиенттердің ақшасын қайтарып бере алу қабілеті.
Ұлттық банктің шілде айындағы дерегіне сәйкес, барлық 23 екінші деңгейлі банк өтімділік нормативтерін орындаған. Яғни банк секторында қысқа мерзімді міндеттемелерді өтеуге қатысты тәуекел байқалмайды.
Сонымен бірге банктердің өтімділік қоры бірдей емес. Осы жылғы өтімділік бойынша Шинхан Банк Қазақстан (25,433) айқын алда. Одан кейін KMF Bank (8,164), Қазақстан–Зираат Интернешнл Банкі (3,731), Home Credit Bank (3,722), Отбасы банк (3,261) және Alatau City Bank (3,208) орналасқан.
Ал валюталық өтімділік көрсеткіштері бойынша ВТБ Қазақстан, KMF Bank, Заман-Банк, Еуразиялық банк және Банк ЦентрКредит жоғары мән көрсеткен. Дегенмен бұл олардың өзгелерден тұрақтырақ екенін білдірмейді. Ұлттық банк дерегі бойынша ең маңыздысы – бірде-бір банк өтімділік нормативтерін бұзбаған.
Банктер ақшаны қайда салып жатыр?
Ұлттық банктің шілде айындағы статистикасы банктердің инвестициясында ең үлкен үлес мемлекеттік бағалы қағаздарға тиесілі екенін көрсетеді. Яғни банктер қаржысын ең алдымен тәуекелі төмен әрі өтімді активтерге орналастыруды жөн көреді.
Ресми дерекке сәйкес, өзге жиынтық кіріс арқылы есепке алынатын мемлекеттік бағалы қағаздар көлемі 6,06 трлн теңгеге жеткен. Осылайша, қазақстандық корпоративтік бағалы қағаздарға салынған инвестиция 1,44 трлн теңге;
- шетелдік мемлекеттік бағалы қағаздарға – 776,4 миллиард теңге;
- шетелдік корпоративтік бағалы қағаздарға – 560,4 миллиард теңге;
- ал халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына – 68,2 миллиард теңге бағытталған.
Несие көбейгенімен, тәуекел де артып келеді
Ұлттық банктің шілде айындағы дерегі бойынша, 2026 жылдың алғашқы жартысында банк секторындағы жалпы несие портфелі 43,5 трлн теңгеден 44,8 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Яғни алты айда экономикаға қосымша 1,3 триллион теңгеге жуық несие берілген.
Өсімнің негізгі бөлігі халықтың несиесіне тиесілі. Жеке тұлғалардың қарызы 24,8 триллион теңгеден 25,85 трлн теңгеге, ал кәсіпкерлер мен компанияларға (қаржылық емес заңды тұлғалар) берілген несиелер 16,4 триллион теңгеден 17 триллион теңгеге дейін артқан. Қаржы ұйымдарына берілген қарыз көлемі 1,2 триллион теңге шамасында сақталған.
Сонымен бірге несие сапасы да назар аудартады. 90 күннен астам кешіктірілген несиелер (қайтарылу тәуекелі жоғары қарыздар) 1,58 триллион теңгеден 1,85 триллион теңгеге дейін көбейген. Осыған байланысты банктер провизияларды (ықтимал шығындарды жабуға арналған резервтерді) 1,93 триллион теңгеден 2,08 триллион теңгеге дейін ұлғайтқан. Соның ішінде проблемалық несиелерге арналған резервтер 954,6 миллиард теңгеден 1,12 триллион теңгеге жеткен.
Корпоративтік секторда да осындай үрдіс байқалады. Компанияларға берілген проблемалық несиелер 503,6 миллиард теңгеден 604,6 миллиард теңгеге дейін өскен, ал осы бағыттағы резервтер 325,5 миллиард теңгеден 383,1 миллиард теңгеге дейін көбейген. Ал қаржы ұйымдарына берілген несиелерде жағдай тұрақты. Себебі мұнда мерзімі 90 күннен асқан берешек небәрі 0,2 миллиард теңге деңгейінде қалған.
Халықтың несиесі де өсіп келеді. Жеке тұлғалардың қарызы 25,85 триллион теңгеге жетсе, 90 күннен астам кешіктірілген берешек 1,07 триллион теңгеден 1,24 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Соған сәйкес бұл сегмент бойынша резервтер де 1,2 триллион теңгеден 1,29 триллион теңгеге дейін артқан.
Ұлттық банк несиелерді тәуекел деңгейіне қарай да жіктейді. Stage 1 (тәуекелі төмен, қалыпты өтеліп жатқан несиелер) 39,7 триллион теңгеден 40,2 триллион теңгеге дейін өскен. Stage 2 (тәуекелі артқан, бірақ әлі проблемалық деңгейге жетпеген несиелер) 2,1 триллион теңгеден 1,47 триллион теңгеге дейін азайған. Ал Stage 3 (қайтарылу қаупі жоғары, проблемалық несиелер) 2,53 триллион теңгеден 2,87 триллион теңгеге дейін көбейген.
Демек, Ұлттық банктің ресми статистикасы екі үрдісті қатар көрсетіп отыр. Банк секторы несие беруді жалғастырып жатыр, бірақ сонымен бірге тәуекелі жоғары қарыздар да көбейіп келеді. Сондықтан банктер ықтимал шығындарды жабу үшін резервтер көлемін де қатар ұлғайтып жатыр.
Қазақстандағы ең табысты банктердің рейтингі жаңарды: Кімнің пайдасы өсті, кімдікі азайды