Шымкентте полицейлерді бопсалаған блогер ұсталды

Шымкентте жол ережесін бұзған жүргізушінің ісін "шешіп беремін" деп ақша талап етті деген күдікпен блогер Аскат Балқыбаев (АСКО) пен оның серіктестері ұсталды. Олар полицейлерді де бопсалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Kozachkov Telegram арнасының мәліметінше, оқиға маусым айының ортасында басталған. Сол кезде екі полиция қызметкері Шымкентте 25 жастағы жүргізушіні тоқтатқан. Тексеру барысында оның күмәнді мінез-құлқы байқалып, медициналық куәландыруға жіберілген. Нәтижесінде жүргізушінің мас күйде болғаны анықталған.
Жүргізушіге жүргізуші куәлігінен айырылу және әкімшілік қамауға алыну қаупі төнгеннен кейін ол мәселені шешу үшін блогер АСКО-ға жүгінген. Балқыбаев бұл істі 1 миллион теңгеге шешіп беруге уәде еткен.
Кейін ол таныс полицейлер арқылы жүргізушіні босатуға әрекет жасағанымен, олар бұл ұсыныстан бас тартқан. Осыдан кейін блогер мен оның серіктестері патрульдік полиция қызметкерлерінің әрекеттерін бақылап, олардың жұмысынан заң бұзушылық іздей бастаған.
Сол кезде блогердің жақын таныстарының бірі патрульдік полицейдің қызмет барысында телефон қолданған сәтін видеоға түсіріп алған. Бұл видео кейін әлеуметтік желіде жарияланған. Осыдан кейін блогер делдал арқылы полицейлермен байланысып, жүргізушіге қатысты мәселені "шешуді" және 1000 доллар төлеуді талап еткен. Егер талап орындалмаса, ол полиция қызметкерлеріне қысым жасайтынын айтқан.
Осыдан кейін іске жергілікті УБОП қызметкерлері араласып, келіссөздер мен ақша беру сәтін тіркеген. Нәтижесінде Аскат Балқыбаев пен оның серіктестері Ахмадали Сейдахметов, Алихан Серік және Жанғали Кұлжабаев ұсталды. Енді олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Егер іс алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жасалған бопсалау ретінде сараланса, қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігі бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер әрекет қылмыстық топ ретінде танылса, 4-бөлік бойынша іс ауырлап, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы тағайындалуы мүмкін.
Алматы мен Шымкентте тұрғын үй бағасы төмендеп кетті: Бұған не себеп
Оқыңыз