Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда әкімдік жайлы видео түсірген блогер 15 тәулікке қамалды

алматы полиция
Фото: Видеодан скрин

Алматыда әлеуметтік желіде жарияланған жанжал тудырған бейнероликтен кейін 36 жастағы тұрғын әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде жарияланған жанжал тудырған бейнероликтен кейін Алматы тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Видеода ер адам құрылыс жұмысына қатысты ашуға мініп, былапыт сөздер айтып, айналасындағыларға дөрекі түрде тіл тигізген.

"Әлі күнге дейін дайын емес. Мен сендерге бұл құбырларды қашан төсеңдер деп айттым. Қазір-ақ барып, бәріңді…" – дейді ер адам видеода.

Қалалық полицияның мәліметінше, желіде тараған видеода 36 жастағы ер адам қоғамдық орында былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

Полицейлер бейнеролик авторының жеке басын анықтап, оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

Полиция әлеуметтік желідегі танымалдыққа ұмтылу заң талаптарын бұзуға негіз болмайтынын еске салды. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген әрекет оның қандай мақсатпен жасалғанына қарамастан заң аясында бағаланатынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Рубежин ауылдық округінің әкімі Арман Жұмағалиев ауыл тұрғынымен жеке хат алмасу кезінде әдеп нормаларын бұзды деген шағымға байланысты тәртіптік жауапкершілікке тартылған еді. Әдеп жөніндегі кеңес оның әрекетін мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаларына қайшы деп танып, әкімге сөгіс жариялау туралы шешім қабылдады. Алайда Арман Жұмағалиев бұл шешіммен келіспейтінін айтып, оны сот тәртібімен даулауға ниетті екенін мәлімдеген.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 11:19