600 мың теңгеден басталады: Құрылтай депутаттары қанша айлық алады
Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева жаңа Құрылтай депутаттары қанша айлық алатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Дания Еспаеваның айтуынша, депутаттардың жалақысы еңбек өтіліне байланысты есептеледі және 1 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
“Қазір депутаттардың жалақысы 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін. Егер депутаттың еңбек өтілі ұзақ болса, оның жалақысы 1 миллион теңгеге жетеді", – деді Дания Еспаева.

Бұрынғы мәжіліс депутаттарының жалақысы қанша болды?
Мәжілісте 98 депутат болғанымен, 2024 жылға арналған декларацияларын тек төртеуі жариялаған.
Мысалы, бұрынғы депутат Ерлан Барлыбаев декларациясында 528 миллион теңге табысын көрсеткен.
"Мен де көбейгім келеді" деген сөзімен танылған Мәжілістің экс-депутаты Анас Баққожаев декларациясында ешқандай табыс көрсетпеген. Ал оның жұбайы Әлия Отарбаева 2024 жылы 4,3 миллион теңге табыс тапқан.
Бұрынғы Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Раудың жұбайы бір жылда 10 миллион теңге, ал экс-депутат Бауыржан Смағұловтың жұбайы 48 миллион теңге табыс тапқан.
Бұған дейін Мәжілістің экс-спикері Ерлан Қошанов та табыс декларациясын жариялаған болатын. Құжатта оның жұбайы Гүлжан Абауованың 2024 жылы 1,5 миллион теңге табыс алғаны көрсетілген.
Бұрынғы Сенат депутаттары қанша табыс тапты?
50 сенатордың ішінен 2024 жылғы декларациясын тек бесеуі жариялаған. Атап айтқанда, Сағындық Лұқпанов 43 760 теңге табыс көрсеткен. Ал сенатор Закаржан Құзиевтің жұбайы Тасмия Құзиева бір жылда 3,2 миллион теңге табыс тапқан.
- Сұлтан Дюсембиновтың жұбайы Рая Қыдырбаева 2024 жылы – 5 миллион теңге;
- Нұрлан Бекеновтың жұбайы Сара Бекенова – 11 миллион теңге;
- Жанболат Жоргенбаевтың жұбайы Дания Жоргенбаева – 12 миллион теңге табыс көрсеткен.
Бұрынғы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев пен оның жұбайы қосымша табыс алмаған. Бұл олардың декларациясында көрсетілген.
Еске салайық, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Асқарбек Ертаев ай сайын алатын жалақысы шамамен 1,2 миллион теңге екенін айтқан еді. Министр бұл қаражат отбасының қажеттілігін қамтамасыз етуге жететінін айтты.