Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғалымдар жасанды интеллект салдарынан 2100 жылға қарай адамзат жойылып кетуі мүмкін екенін ескертті

ЖИ
Фото: ChatGPT 5

Ғалымдар жасанды интеллектіні қауіпті мақсатта пайдалану немесе ядролық соғыс салдарынан адамзат 2 100 жылға қарай жойылып кетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  The Lancet журналына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл тұжырымды XXI ғасырда денсаулыққа төнетін жаһандық қатерлер жөніндегі комиссия жасаған.

“Жасанды интеллектіні биологиялық қару жасау сияқты қауіпті мақсатта пайдалану адамзаттың жойылып кетуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар ядролық соғыс пен одан туындайтын ашаршылық та алдағы 75 жылда адамзатқа осындай қауіп төндіреді”, – делінген баяндамада.

Ғалымдар мұндай қауіптердің нақты қаншалықты ықтимал екенін дәл болжау қиын екенін айтады. Дегенмен оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан мамандар бұл қауіптерді зерттеп, алдын ала ескеру қажет деп санайды.

Зерттеушілер жасанды интеллект адамзатқа үш түрлі жолмен қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты. 

Біріншісі – биологиялық қару жасау. Жасанды интеллектіні қауіпті биологиялық қару әзірлеу үшін пайдалануға болады. Бұл адамдардың өміріне үлкен қатер төндіреді.

Екіншісі – жасанды интеллектіні маңызды салаларда қолдану. Мысалы, оның көмегімен саясаткерлердің жалған видеоларын жасап, халықты адастыруға немесе адамдарды бопсалауға болады. Сонымен қатар жасанды интеллектіні ядролық қаруды адамның тікелей қатысуынсыз басқару үшін қолдану да қауіпті.

Үшіншісі – жасанды интеллектіні бақылаудан айырылу. Болашақта адамнан да қабілетті жасанды интеллект пайда болуы мүмкін. Егер адамдар оның әрекетін басқара алмай қалса, бұл адамзатқа үлкен қауіп төндіріп, тіпті жойылып кетуіне әкелуі ықтимал.

Ғалымдар осы қауіптердің адам денсаулығы мен өміріне қаншалықты зиян келтіруі мүмкін екенін де есептеген. Ғалымдар әр қауіптің салдарынан қанша адам зардап шегуі, мүгедек болып қалуы немесе мезгілсіз қайтыс болуы мүмкін екенін есептеген. Бұл ретте олар қазіргі жағдайды негізге алған.

Айта кетейік, бұған дейін OpenAI жасанды интеллект агенті Аустралия үкіметінің сайтын бұзғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 11 Қазан, 2026 19:11