Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тарихи жетістік: Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанады

Елена Рыбакина
Фото: Getty Images

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мансабында алғаш рет WTA рейтингінің көшін бастайды. Ол US Open турнирі аяқталғаннан кейін ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ширек финалда Рыбакина қытайлық Чжэн Циньвэньді 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Осы нәтижесінің арқасында қазақстандық спортшы WTA рейтингінде кемінде 8681 ұпай жинайды.

Бұл көрсеткіш оның қарсыластары қандай нәтиже көрсетсе де, бірінші орынға көтерілуіне жеткілікті. Осылайша Рыбакина Қазақстан тарихында әлемдік рейтингтің шыңына шыққан алғашқы теннисші болмақ.

WTA рейтингі US Open аяқталған соң жаңартылады. Сондықтан турнирдің қалған бөлігінде Рыбакина әзірге әлемнің екінші ракеткасы мәртебесінде өнер көрсетеді.

2024 жылғы қазаннан бері рейтингтің бірінші сатысын Беларусь өкілі Арина Соболенко ұстап келген. Ол көш басындағы орнын 99 апта бойы сақтады. Бұл – әйелдер теннисі тарихындағы алтыншы үздік көрсеткіш.

Соболенко да US Open жартылай финалына шықты. Алайда ол былтырғы чемпиондық атағы үшін берілген ұпайларын қорғап жатыр. Турнирді қайта жеңген күннің өзінде оның қоржынында ең көбі 8575 ұпай болады. Сондықтан ол Рыбакинаны басып оза алмайды.

Ал Соболенко чемпиондық атағын қорғай алмаса, рейтингте америкалық Джессика Пегула немесе Коко Гауфф та одан жоғары көтерілуі мүмкін. US Open-ды жеңген жағдайда Пегула 8485, ал Гауфф 8486 ұпай жинайды.

Бұған дейін қазақстандық теннисші АҚШ ашық чемпионатының 1/8 финалына шыққан еді. Үшінші айналымда ол украиналық Юлия Стародубцеваны 7:6 (8:6), 6:3 есебімен жеңді. Матч 1 сағат 53 минутқа созылды. Осы уақытта қазақстандық теннисші 12 эйс жасап, бір рет қос қателікке жол берді және брейкке берілген 13 мүмкіндіктің төртеуін пайдаланды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 23:12