Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңбыр, найзағай, тұман: Еліміздің бірнеше өңірінде ауа райы бұзылады

Ауа райы болжамы
Фото: Depositphotos.com

Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы құбылып, жаңбыр, найзағай, екпінді жел мен тұман күтіледі. Кей аймақтарда өрт қаупі де жоғары деңгейде сақталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еліміздің солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде жауын-шашын күшейеді. Түнде және таңертең жекелеген аудандарды тұман басуы мүмкін.

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында жел күшейіп, екпіні секундына 15-20 метрге, кей жерлерде одан да жоғары жылдамдыққа жетуі ықтимал.

Ал Жетісу, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының бірқатар аумағында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Сонымен қатар түнгі және таңғы уақытта Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және өзге де облыстардың кей аудандарында тұман түседі деп болжанып отыр.

Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын ұстануға шақырады.

Алдағы үш күнде Қазақстанда ауа райы қандай болады?

15-17 қыркүйек аралығында Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы құбылмалы болады. Кей аймақтарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді. Ал елдің басым бөлігінде күн ашық болып, ауа температурасы біртіндеп көтеріледі.

Синоптиктердің болжамы бойынша, солтүстік-батыстан келетін циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің солтүстігі мен шығысының кей аудандарында, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр жауады. Кей жерлерде найзағай ойнап, жел күшеюі мүмкін.

16 қыркүйектен бастап батыс циклоны Қазақстанның батыс өңірлеріне әсер ете бастайды. Соның салдарынан жауын-шашын түсіп, жел күшейеді. Ал 17 қыркүйекте батыстың жекелеген аудандарында нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсуі ықтимал.

Ал Қазақстанның қалған аумағында антициклон ықпалы сақталып, жауын-шашынсыз ауа райы болжанып отыр. Бұл өңірлерде күн біртіндеп жылынады.Солтүстік және орталық облыстарда күндіз ауа температурасы +20...+27 градусқа дейін көтеріледі.

Ал батыс, шығыс және оңтүстік-шығыста керісінше, күн сәл салқындайды. Батыста күндіз +19...+30 градус, шығыста +18...+25 градус, оңтүстік-шығыста +22...+28 градус шамасында болады.

Еске салайық, бұған дейін синоптиктер қазан мен қарашада ауа райы әдеттегіден жылы болады деп болжағаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 09:41