Парашютшы әйел 3 километр биіктіктен құлап тірі қалды
Ұлыбританияда 35 жастағы Холли Уиффен шамамен үш шақырым биіктіктен құлап, омыртқасын сындырып алған. Алайда парашютті дер кезінде ашып, аман қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Sun басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әйел топ құрамында парашютпен секірген. Шамамен 3650 метр биіктікте секіруге қатысушылардың бірі Уиффенмен соқтығысып, оның желкесінен теуіп жіберген. Салдарынан әйел есінен танып, бақылаусыз төмен қарай құлаған. Куәгерлердің айтуынша, ол сағатына 240 шақырымға дейін жылдамдықпен құлаған. Оқиға видеоға түсіп қалған.
Тағы бір парашютші Уиффенді қуып жетіп, ұстап қалуға тырысқанымен, үлгермеген. Британдық әйелдің айтуынша, ол шамамен 300 метр биіктікте есін жиып, парашютін ашқан.
Алайда ол жоғары жылдамдықпен қылқан жапырақты ағашқа соғылып, тіркемелер тұрған жерге құлаған.
"Егер ағашқа соғылмағанда, жерге құлап, тірі қалмас едім. Мұндай апаттан адамдардың көбі аман қалмайды", – деді парашютші.
Уиффен ауруханаға аяғы сынып, омыртқасы зақымдалып, денесі бірнеше жерден көгеріп түскен. Қазір ол ата-анасының фермасында қалпына келіп жатыр және балдақпен жүреді.
Оқиғаға қарамастан, әйел болашақта парашютпен секіруге қайта оралғысы келетінін айтты.
Қазақстанға 12 жылдық мектеп керек пе: Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімі қысқарса, не өзгереді