Қырғызстан энергетика министрлігі Алматыдағы жаппай жарықтың өшуінің себебін атады
Қырғызстанның энергетика министрлігі Алматыда болған жаппай электр қуатының өшуіне қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство Токтоғұл ГЭС-тегі екі гидрогенератордың қысқа уақытқа ажыратылуы – Алматыдағы блэкауттың тікелей себебі болмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еgov.kg порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қырғызстан энергетика министрлігінің хабарлауынша, технологиялық ақаудан кейін энергетиктер Орталық Азияның Біртұтас энергетикалық жүйесіндегі ақауды қысқа мерзімде қалыпты деңгейге келтірген.
"Технологиялық бұзушылықтан кейін қажетті жедел шаралар қабылданып, Орталық Азияның Біртұтас энергетикалық жүйесіндегі жиілік қысқа мерзімде қалыпты мәнге келтірілді. Осы ретте Қырғызстанның энергетикалық жүйесі көрші мемлекеттерге шамамен 250 МВт көлемінде қуат беріп, көмек көрсетті", – деп жазылған ведомство мәлімдемесінде.

Министрлік Токтоғұл ГЭС-тегі екі гидрогенератордың қысқа уақытқа ажыратылғанын да растады.
"Токтоғұл ГЭС-тің екі гидрогенераторының қысқа мерзімді ажыратылуы параллель жұмыс істейтін Орталық Азияның Біртұтас энергетикалық жүйесіндегі бастапқы ауытқуға себеп болды. Осылайша қуат ағындарының өзгеруіне және оған қарсы апаттық автоматиканың іске қосылуына әкелді", – деп мәлімдеді Қырғызстанның энергетика министрлігі.
Сонымен бірге ведомство осы жағдайды Алматыдағы электр қуатының өшуінің тікелей себебі ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті.
"Бастапқы ауытқуды басқа елдердегі жекелеген энергетикалық жүйелер мен тораптардың тікелей өшуінің себебімен теңестіруге болмайды", – деп жазылған хабарламада.
Министрлік Алматы энергия торабы Орталық Азия жүйесіндегі жиілік қалыпты деңгейге келгеннен кейін өшкенін мәлімдеді. Осыған байланысты кейінгі процестерді жеке-жеке талдау қажет екенін айтты.
"Басқа елдердегі энергетикалық тораптардың өшуі апаттан кейін тиісті энергетикалық жүйелерде болған кейінгі процестерді бөлек талдауды талап етеді. Бірлескен техникалық тергеу аяқталғанға дейін апат салдарына Қырғызстанның энергетикалық жүйесін жауапты деп санау дұрыс емес", – деп мәлімдеді ведомство.
Оқиғаның нақты себептері арнайы комиссияның техникалық тергеуден соң анықталмақ.
Еске салайық, 14 тамызда Алматы мен Қазақстанның бірнеше өңірінде электр жарығы жаппай өшкен. Ақау салдарынан Алматы метросы уақытша тоқтап, бағдаршамдар жұмыс істемей, байланыс пен қала инфрақұрылымында кем-кетіктер болған. Электр энергиясының үзілуі Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға да әсер еткен. Оқиғаның себебіне қатысты Қазақстан мен Қырғызстанның энергетикалық компаниялары әртүрлі нұсқа ұсынды. KEGOC апатқа Қырғызстандағы Тоқтоғұл СЭС-інің екі гидрогенераторының ажыратылуы себеп болғанын айтса, Қырғызстанның Ұлттық электр желісі Қазақстандағы жоғары вольтты желінің үзілуін себеп ретінде көрсетті.