Қазақстан мен Қырғызстан жаппай электр жарығының өшуіне байланысты бір-бірін кінәлап отыр
Қазақстанда электр қуатының жаппай өшуіне не себеп болғаны туралы екі елдің энергетикалық компаниялары әртүрлі мәлімет келтірді. KEGOC мәліметінше, 14 тамызда Қырғызстандағы Тоқтоғұл СЭС-інің екі гидрогенераторының ажыратылуы Қазақстанның электр энергетикалық жүйесінде шамадан тыс жүктеме туғызып, елдің оңтүстік өңірлеріндегі электрмен жабдықтаудың үзілуіне себеп болған.
Ал Қырғызстанның Ұлттық электр желісі Қазақстанның электр желісіндегі ақауды себеп ретінде көрсетіп отыр. Компанияның мәліметінше, Қазақстандағы солтүстік және оңтүстік электр желілерін жалғайтын жоғары вольтты желінің сыртқы ажыратылуы Орталық Азияның бірыңғай энергетикалық жүйесінің оқшаулануына әкелген.
KEGOC мәліметінше, осы жағдайға байланысты Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Жетісу облысында электр энергиясын беру тоқтатылған.
Сондай-ақ Қарағанды облысы, Ұлытау және Абай облыстарында да жарық беру жүйесінде үзілістер болған.
"2026 жылғы 14 тамызда сағат 14:37-де Қырғызстандағы Тоқтоғұл СЭС-інің екі гидрогенераторының ажыратылуы Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі Солтүстік-Шығыс–Оңтүстік транзитінің шамадан тыс жүктелуіне әкелді. Соның салдарынан Қазақстанның оңтүстік аймағы елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінен және Орталық Азияның бірыңғай энергетикалық жүйесінен (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) ажыратылды", – деп хабарлады KEGOC.
Ресми мәлімет бойынша, қазіргі уақытта Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді.
Апат салдарынан Қазақстанның энергетикалық жүйесінде тұтынушыларды электрмен жабдықтауды шектеу көлемі шамамен 2810 МВт болды.
Ал "Қырғызстанның Ұлттық электр желісі" ААҚ Бішкектің кейбір аудандары мен елдің басқа да бірнеше қаласындағы электр қуатының үзілу себебіне Қазақстанды кінәлап отыр.
Ұйым мәліметінше, 14 тамыз күнгі сағат 15:34-тегі Қазақстанның электр желісіндегі солтүстік және оңтүстік бөліктерін жалғайтын жоғары вольтты желінің сыртқы үзілісінен Орталық Азияның Бірыңғай энергетикалық жүйесі оқшауланған.
-Қырғызстан Республикасының электр желісі уақытша оқшауланған жұмыс режиміне көшті. Жабдықтарды сақтау үшін автоматты басқару жүйесі ережелерге сәйкес жұмыс істеді. Жағдай энергетиктердің бақылауында. Электр желісінің мамандары жұмысты тұрақтандыру және қалыпты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды, - делінген мәлімдемеде.
Алдын ала мәліметтер бойынша, электрмен жабдықтаудағы жаппай ақау төрт елге әсер еткен. Алматы мен Алматы облысында жарық өшкеннен кейін Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан тұрғындары да электр энергиясының үзілуі туралы хабарлай бастады.
Электр қуатының өшуі
Айта кетейік, бүгін сағат 14:30 шамасында Алматының бірнеше ауданының тұрғындары электр қуатының берілуінде іркіліс болғанын хабарлады. Қалада Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарындағы тұтынушылардың электр қуатынан ажыратылғаны ресми түрде расталды.
Қалада байланыс жүйесінде іркілістер болып, жолдардағы қозғалыс қиындады, кейбір бағдаршамдар жұмыс істемей қалды. Алматы метросы да жұмысын тоқтатып, жолаушыларды эвакуациялау сәті түсірілген видео тарады.
Электр қуатының өшуіне байланысты қала тұрғындары қалалық инфрақұрылым жұмысының бұзылғанын, соның ішінде әуежай жұмысында да қиындықтар болғанын хабарлады.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады