Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде кәсіпкер 100-ден аса ағашты заңсыз отап тастады

ағаш бұта заңсыз отау
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбелік экоактивистер мен жергілікті тұрғындар триатлон саябағында 100-ден астам ағашты заңсыз отап тастағанын мәлімдеді. Енді құқықбұзушы қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Белгілі болғандай, жеке компания өкілдері өздеріне тиесілі аумақта ағаштарды кесу кезінде шектен шығып, қалалық жасыл қор аумағындағы көлемі 3 мың шаршы метр жердегі ағаштарды да отаған.

“Менің ойымша, біздің қаладағы ағаштарды кесу – мүлдем дұрыс емес. Бір кездері бұған біреулер қатты қарсылық білдіріп, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген сияқты. Әсіресе, триатлон саябағында мұндайға жол беруге болмайды. Бұл – оттегіге бай, адамдардың демалуына арналған жалғыз орындардың бірі”, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Динара  Құрғанбаева. 

Алғашқылардың бірі болып дабыл қаққандар – экоактивистер мен жергілікті тұрғындар. Олар болып жатқан жағдайға наразылық білдірді. Себебі триатлон саябағы – қала тұрғындары арасында демалыс үшін ең көп сұранысқа ие орындардың бірі. Мұнда ересектер мен балалар демалып, спортпен айналысып, таза ауамен тыныстайды.

Оқиғаға жергілікті билік, табиғатты қорғау прокуратурасы мен полиция араласты. Кесілген ағаштардың санына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Яғни, оталған ағаштардың орнына өтемдік ағаш отырғызумен іс аяқталмайды. Кінәлілерге айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ мүлкі тәркіленуі ықтимал.

Ақтөбе қаласы полиция басқармасы №1 полиция бөлімінің анықтау бөлімінің бастығы Мұратбек Нұрмағанбетовтің айтуынша, аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 340-бабы 1-бөлігі (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қылмыстық істі тергеу барысы полиция басшылығы өз бақылауына алған.

Айым Болатқызы
Жұма, 14 Тамыз, 2026 08:09