Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында баланың үстіне қаптамасы құлаған мәдениет үйінің жұмысы тоқтатылды

Әмір
Фото: Видеодан скрин

Қарағанды облысында 13 сәуір күні екі жасар баланың үстіне мәдениет үйі ғимаратының қаптамасы құлап, көз жұмған еді. Енді нысанның жұмысы уақытша тоқтатылды. Қайғылы Дәрігерлер үш ай бойы баланың өмірін сақтап қалуға тырысқан. Өкінішке қарай шілдеде бүлдіршін қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алайда ғимаратқа техникалық сараптама тек жарты жылдан кейін, 2 қазанда жүргізілген. Баланың ата-анасының айтуынша, осы уақыт бойы мәдениет үйі жұмысын жалғастырған. Олар ғимараттың қауіпті болуы мүмкін екенін айтып, мекемені жабуды бірнеше рет талап еткен. 

“Мына қоршау кімді қорғайды?”

Марқұм баланың ата-анасы қайғылы оқиғадан кейін де мәдениет үйі толық жабылмай, тек аумағы қоршалғанына алаңдаулы. Олардың пікірінше, ғимараттың жұмысы тоқтатылмағандықтан, басқа адамдардың да өміріне қауіп төнуі мүмкіні.

“Бұл ғимарат баламның өліміне себеп болды. Ал енді мына жерге қойылған қоршауға қараңыздаршы. Қалай ойлайсыздар, осындай қоршау адамдарды қорғай ала ма?”, – дейді баланың ата-анасы.

Олар тағы бір адам зардап шекпес үшін мәдениет үйін жабуды алты ай бойы сұрап келген. Бірақ мекеме жұмысын жалғастырған.

Тергеу аяқталмайынша, ғимаратты жөндеуге болмайды. Алайда техникалық сараптама тек 2 қазанда басталған. Марқұм Әмірдің анасы Сабина Қауапованың айтуынша, сараптаманың кешігуіне жауапты мамандардың еңбек демалысында болуы және сырқаттанып қалуы себеп болыпты. 

“Неге бұл істі осынша созып жіберді? Бұған ешкім жауап бермейтін сияқты. Менің баламды қандай да бір шығын материалы ретінде көріп отыр. Бала қайтыс болды, енді ештеңе болмағандай, ешқандай шара қолданбай, келесі біреудің зардап шегуін күте ме? Мұны қалай түсінуге болады?”, – деді Сабина Қауапова.

Қаптама сапасыз орнатылған ба?

Мәдениет үйі өкілдерінен түсініктеме алу оңай болмаған. Кейін мекеме директорының адвокаты Ерлан Байділдинов жауап берген. Оның айтуынша, бүкіл облыста бір ғана сарапшы. Ал оның өзі үнемі іссапарда жүреді екен. Ғимаратты тексеру 2 қазанда жүргізілгенімен, сараптама қорытындысы әлі дайын болмаған.

ғимарат
Фото: Видеодан скрин

“Мәдениет үйінде 2022 жылы жөндеу жұмыстары жүргіп, мердігерге шамамен 65 миллион теңге төленген. Алайда кепілдік мерзімі аяқталмай жатып, ғимараттың қаптамасы үгітіліп, түсе бастаған. Мердігер телефон қоңырауларына жауап бермей қойған. Ақырында мәдениет үйінің өкіліне жауап беріп, ұйымының таратылғанын және жұмысын тоқтатқанын айтқан”, – деді Ерлан Байділдинов.

Сонымен бірге мәдениет үйінде бұған дейін техникалық тексеру жүріп, ғимараттың жағдайы туралы қорытынды алынған. Онда ғимарат апатты жағдайда емес екені көрсетілген. Қорытынды бойынша, травертин қаптамасының бөлшектері қатты желдің әсерінен және кейбір тұстарда сапасыз орнатылуына байланысты құлаған. Ал ғимараттың қасбеті жалпы алғанда жақсы жағдайда деп бағаланған.

Мәдениет үйінің жұмысы уақытша тоқтатылды

Ата-ананың бірнеше ескертуінен кейін мәдениет үйі уақытша жабылды. Бұқар жырау ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары Асқар Баспақовтың айтуынша, мекеменің жұмысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құрылыс-техникалық сараптама жүргізу үшін тоқтатылған.

“Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құрылыс-техникалық сараптама жүргізу мақсатында мәдениет үйінің жұмысы уақытша тоқтатылып, ғимаратқа кіруге шектеу қойылды. Қазір қажет тергеу әрекеттері жүріп жатыр”, – деді ол.

Адвокаттың айтуынша, мәдениет үйінің директоры баланың қазасына байланысты жағдайды ауыр қабылдап, осы уақыт аралығында жүрегіне екі рет ота жасатқан. Алайда адвокат мәдениет үйі директорының қызметтік міндеттерінде келушілердің жарақат алуына қатысты жауапкершілік қарастырылмағанын айтты.

Ал марқұм Әмірдің ата-анасы алдағы уақытта мәдениет үйінен моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп алуды жоспарлап отыр.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 11:25