Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алдымен өзің дүкен ашып көр": Гүлзира Айдарбекова кәсібін сынаған Назгүл Сәтбаеваға жауап берді

Назгүл Сәтбаева / Гүлзира Айдарбекова
Фото: Instagram / nazgul_satbayeva / gulziraaidarbekova

Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова дүкеніндегі қызмет көрсету сапасын сынаған кәсіпкер Назгүл Сәтбаеваға жауап берді. Ол оны танымал адамдарды сынау арқылы оқырман жинауға тырыспауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кәсіпкер әрі бизнес туралы кітаптың авторы Назгүл Сәтбаева өнер адамдары ашқан дүкендер мен сұлулық салондарына қатысты сыни пікір білдірді. Ол Гүлзира Айдарбекованың дүкенінде, Жазира Байырбекованың салонында болғанын айтып, Аша Матайдың кәсібін де сөз еткен.

Ол кейбір танымал тұлғалар өз есімі мен аудиториясына арқа сүйеп, қызмет көрсету сапасына жеткілікті көңіл бөлмейді деп есептейтінін жеткізді.

“Қазақстанның шоу-бизнесі адамдарының 99%-ына – ол жерге қайта бармаймын. Сервис нөл. Сулы майлықтар шашылып жатады. Ол адамдар атына сенеді. Аудиториясына сенеді. Мықты маман алуды ойламайды”, – деді ол.

Кәсіпкер кез келген дүкен, салон немесе мейрамхананың жұмысын білікті маман басқаруы керек деп есептейді. Оның айтуынша, бизнестің сапасы сатылатын тауарға не көрсетілетін қызметке ғана емес, басшының кәсібилігіне де байланысты.

Бұл сынға жауап берген Гүлзира Айдарбекова дүкенінің тазалығын алға тартып, Сәтбаеваның пікіріне наразылық білдірді.

“Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты” дегендей, ақылшы болып елді таңғалдырып, атағы бар адамдардың артынан сөйлеп, хайп жинап, жазылушы көбейтпей-ақ қойшы. Біздің дүкеннің тазалығындай дүкен ашып, жасап көр алдымен. Осы мін іздеп, тырнақ астынан кір тауып отыратындардан қалдық қой”, – деді Айдарбекова.

Айдарбекова жазбасында кәсіпкерді “екінші Бағдагүлге” теңеп, танымал адамдар туралы сын айту арқылы өзіне назар аудартуға тырысты деп айыптады.

“Екінші Бағдагүл болып отырғаныңа жол болсын. Өз істеріңді қатырып, біз арқылы өсек айтып, елді кері пікірге бұрып, атақты болмай-ақ жайларыңа отырыңдаршы”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол кәсіпкерге өзгенің жұмысын сынағанша, өзінің жетістігін немесе анасының іскерлігін айтуды ұсынды.

Гүлзира Айдарбекова пікір
Фото: Скриншот

Еске салайық, бұған дейін Данияр Кенжеұлы Роза коучтың әйел, отбасы және ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы туралы контентін сынға алған еді. Бұған жауап берген Роза Әшірбаева имамның өз аты-жөні мен суретін рұқсатсыз пайдаланғанын айтып, материал өшірілмесе сотқа жүгінетінін мәлімдеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 12:19