"Өзіңіз заң бұзып отырсыз": Роза коуч имам Данияр Кенжеұлын сотқа берді
Имам Данияр Кенжеұлы әлеуметтік желідегі парақшасында коуч Роза Әшірбаеваның әйел, ерлі-зайыпты қарым-қатынасы және отбасы тақырыбындағы контентін сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол жазбасын “Күйеуінен сұранбайтын Роза коучтың “ұрпағынан” кімдер шығады?” деп атап, коучтың пікірлері көп әйелдің отбасылық шешіміне ықпал етуі мүмкін екенін айтты.
Данияр Кенжеұлының сөзінше, мәселе бір адамның жеке басында емес, әйел құқығын қорғау ұғымының аясында отбасы институтына кері әсер етуі ықтимал түсініктердің таралуында.
“Қоғамда әйелге зұлымдық жасап жүрген еркектер бар. Мұны жоққа шығарған адам не өмір көрмеген, не көргісі келмейді. Бірақ бір еркектің зұлымдығын еркектің табиғатына апарып таңу қай әділетке сыяды?” – деп жазды ол.
Имам сондай-ақ жаман ененің кесірінен барлық енені жау, ал анасын сыйлайтын ер адамды “мамсик” деп қабылдауға болмайтынын айтты. Ол күйеуіне сүйіспеншілікпен қызмет ететін әйелді “құлсың” деп сенімсіздікке итермелеу де дұрыс емес деп есептейді.
Жазба соңында Данияр Кенжеұлы мұндай контентке заң аясында құқықтық баға берілуі қажет екенін жазды.
Бұл жазбаға Роза Әшірбаева да жауап берді. Ол имамның өз аты-жөні мен суретін рұқсатсыз пайдаланғанын айтып, материал өшірілмесе сотқа жүгінетінін мәлімдеді.
“Данияр мырза, қайырлы таң! Уағызыңыз жамағатыңызға пайда әкеле берсін. Мені заңмен жазалаймын деп өзіңіз заң бұзып отырсыз”, – деп жазды коуч.
Роза Әшірбаева ҚР Азаматтық кодексінің 143 және 145-баптарын, сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабын атап өтті. Оның сөзінше, жарияланымға қатысты деректер нотариалды түрде тіркелген.
“Материал жойылмаса, іс сотқа беріледі. Ашық парақшадан алсаңыз да, заң бойынша менің рұқсатымсыз суретімді, атымды қолдануға құқығыңыз жоқ. Instagram-ның өзіне де шағым тастадым. Сотта кездескенше”, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін продюсер Гүлзира Айдарбекова танымал коуч Роза Әшірбаеваның келін мен ене арасындағы қарым-қатынасқа қатысты айтқан пікіріне қарсы ойын білдіргені хабарланған еді.
Қазақстандық Ресейге жұмысқа кеткен інісінің Украинадағы соғысқа күштеп жіберілгенін айтып, көмек сұрады
