Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Jaguar Land Rover 4 мың жұмыс орнын қысқартады: Компанияға Қытайдың арзан көліктері бәсеке болып отыр

Jaguar Land Rover
Фото: Getty Images

Jaguar Land Rover алдағы екі жылда 4 мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр. Британдық автоконцерннің сатылымы негізгі нарықтарда төмендеп, компания Қытай өндірушілерінің күшейген бәсекесіне тап болды. Бұған қоса, JLR өткен жылғы кибершабуылдың салдарын, АҚШ-тың импорттық тарифтері мен Ұлыбританиядағы қымбат энергия бағасының қысымын сезініп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Британиялық автокөлік өндіруші Jaguar Land Rover (JLR) алдағы екі жылда 4 мың жұмыс орнын қысқартатынын мәлімдеді. Қысқартылатын қызметтердің басым бөлігі компанияның Ұлыбританиядағы бас кеңсесіне тиесілі болады. Компания мұндай шешімге бірнеше фактор әсер еткенін айтты. Олардың қатарында былтырғы жойқын кибершабуыл, АҚШ-тың импорттық тарифтері және Қытай автокөлік өндірушілерінің күшейген бәсекесі бар. Сарапшылардың пікірінше, соңғысы JLR үшін негізгі мәселелердің біріне айналған.

JLR қызметкерлердің басым бөлігі жұмыстан өз еркімен кетеді деп үміттеніп отыр. Алайда қажет болған жағдайда компания еңбек келісімшарттарын біржақты тәртіппен бұзуға да дайын. Қазір JLR-де әлем бойынша шамамен 43 мың адам жұмыс істейді. Компания жұмыс орындарын қысқарту арқылы жылына 1,7 миллиард фунт стерлингке дейін үнемдеуді көздеп отыр.

"Автомобиль өнеркәсібі технологиялық өзгерістер, жоғары бәсекелестік және геосаяси белгісіздік жағдайында өте күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр", – деді JLR басшысы Пи Би Баладжи.

Кибершабуыл компанияға миллиардтаған шығын әкелді

BBC тілшісі Тео Леггеттің айтуынша, соңғы уақытта Jaguar Land Rover-дің негізгі нарықтардағы сатылымы төмендеп келеді. Бұған қоса, компания былтыр болған кибершабуылдың салдарын әлі де сезініп отыр. Кибершабуыл салдарынан JLR өндірісі бес аптаға тоқтаған. Сарапшылардың мәліметінше, шабуылдан жалпы 5 мыңға жуық кәсіпорын зардап шеккен. Компанияның өндіріс көлемі тек 2026 жылдың қаңтарына қарай толық қалпына келген.

Зерттеушілер кибершабуыл JLR-ге шамамен 1,9 миллиард фунт стерлинг, яғни 2,5 миллиард долларға жуық шығын келтіргенін мәлімдеді. 2026 жылдың наурызында аяқталған қаржы жылында компанияның жалпы сатылымы 20%-ға төмендеп, 22,9 миллиард фунтты құрады. Салыстырмалы түрде, бұған дейінгі екі қаржы жылында сатылым көлемі шамамен 29 миллиард фунт болған. Бұған дейін Батыстың автокөлік өндірушілері Қытайды үлкен әрі болашағы зор нарық ретінде қарастырды. Елде орта таптың саны тез өсіп, тұрғындар шетелдік көліктерді, соның ішінде JLR-дің қымбат Jaguar және Land Rover модельдерін белсенді сатып алды.

JLR компаниясы BMW, Audi және Mercedes-Benz секілді еуропалық өндірушілермен қатар Қытай нарығында белсенді жұмыс істеді. Алайда соңғы жылдары жағдай түбегейлі өзгерді.

Кейінгі 10 жылда Қытай автокөлік өндірушілері мемлекет қолдауының арқасында өндіріс көлемін айтарлықтай арттырды. Қытай билігі елді электр көліктерін өндіру бойынша әлемдік көшбасшыға айналдыруды мақсат етті.

Осылайша, қытайлық компаниялар көліктерінің технологиясын жетілдіріп, жаңа модельдерді әзірлеу қарқынын айтарлықтай жеделдетті. Олар бағасы жағынан да еуропалық өндірушілермен бәсекеге түсе бастады. Қытай экономикасының баяулауы мен елдегі автокөлік сатылымының төмендеуі де еуропалық компаниялардың жағдайын қиындата түсті. Мысалы, 2017 жылы JLR Қытайда рекордтық 146 мың көлік сатқан. Ал соңғы қаржы жылында бұл көрсеткіш 52,4 мыңға дейін төмендеді. Яғни компанияның Қытайдағы сатылымы бірнеше жыл ішінде екі еседен астам қысқарған.

Мұндай қиындық тек JLR-ге ғана тән емес. Германияның Volkswagen концерні де Қытай нарығындағы табыстың төмендеуіне байланысты онжылдықтың соңына дейін 100 мыңға жуық жұмыс орнын қысқартатынын мәлімдеген. Қытайлық автокөлік өндірушілері соңғы уақытта Еуропа нарығына да белсенді түрде шыға бастады. BYD және Chery секілді компаниялар Ұлыбритания мен Еуропадағы нарық үлесін жылдам арттырып келеді. Мысалы, 2026 жылдың алғашқы жартысында Chery компаниясы шығарған Jaecoo 7 жол талғамайтын көлігі Ұлыбританиядағы сатылым көлемі бойынша үшінші орынға шыққан.

Jaecoo 7 көлігін кейде "Temu-дағы Лендровер" деп атайды. Бұған оның сыртқы дизайны Land Rover модельдеріне ұқсайтыны және бағасының әлдеқайда арзан болуы себеп. Яғни тұтынушы сыртқы келбеті қымбат Land Rover-ге ұқсас, бірақ бағасы әлдеқайда төмен көлік сатып ала алады. Бұл JLR сияқты премиум брендтер үшін үлкен бәсекелестік тудырады.

JLR-дің электр көліктеріне көшуі де кешікті

Қытайлық компаниялардың бәсекесі JLR-дің жалғыз проблемасы емес. Сарапшылардың пікірінше, JLR электр көліктерін дамытуға бәсекелестерінен кеш кірісті. 2018 жылы компания өзінің алғашқы толық электрлі жол талғамайтын көлігі Jaguar I-PACE моделін шығарды. Алайда содан кейін ұзақ уақыт бойы жаңа электрлі модельдердің жаппай өндірісі басталған жоқ. Тек жақында ғана JLR электрлі Range Rover моделін шығару жоспарын жариялады.

Бұл уақытта қытайлық өндірушілер электр көліктерінің ассортиментін жылдам кеңейтіп, технологиялық тұрғыдан алға жылжыды.

JLR үшін тағы бір маңызды нарық – АҚШ. Мұнда да компанияның сатылымы төмендеген. 2024 жылдың наурызынан 2025 жылдың наурызына дейін JLR АҚШ-та 120 мыңнан астам көлік сатты. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 100 мыңнан төмендеді. Бұған да кибершабуылдың салдары әсер етті. Сонымен қатар Дональд Трамп әкімшілігінің импортқа енгізген тарифтері мен осыған байланысты туындаған белгісіздік компанияның сатылымы мен табысына кері әсер етті. Автокөлік сарапшысы Матиас Шмидт JLR-дің АҚШ-тағы жағдайын әзілмен сипаттап, "Лендровер АҚШ жеріне кемеден түскен сайын, маңдайын тасқа соққандай болады" деген.

Энергия бағасы да қысым жасап отыр

JLR-дің қаржылық жағдайын Ұлыбританиядағы энергия бағасының қымбаттауы да қиындатып отыр. Елдегі энергия тарифтері Еуропадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Сонымен қатар кей сарапшылар британдық автокөлік өнеркәсібінің қиындықтарын үкіметтің экологиялық саясатына байланыстырады.

Қолданыстағы жоспарға сәйкес, 2035 жылдан бастап Ұлыбританияда жаңа жеңіл көліктер мен фургондарды тек нөлдік зиянды шығарындылары бар нұсқада сатуға рұқсат етіледі. Дегенмен бұл талап JLR табысының негізгі бөлігін қамтамасыз ететін шетелдік нарықтарға қолданылмайды.

Осылайша, компания бір уақытта бірнеше бағытта қысымға тап болып отыр: Қытай өндірушілерінің күшейген бәсекесі, электр көліктері нарығында артта қалу, АҚШ-тағы тарифтер, қымбат энергия және кибершабуылдың салдары. Сондықтан JLR алдағы екі жылда 4 мың жұмыс орнын қысқартып, шығындарын азайтуға және компанияның қаржылық жағдайын тұрақтандыруға тырыспақ.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда электрмобильдер мен гибрид көліктерге сұраныс артып келетінін жазған едік. 2026 жылдың алғашқы екі айында ресми дилерлер 708 NEV көлігін сатты. Оның 438-і гибрид, 270-і электрмобиль болды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4,2 есе жоғары. Нарықта қытайлық брендтер басымдыққа ие. Сатылым бойынша BYD көш бастап тұр, одан кейін Li Auto, Zeekr, Geely Galaxy және ROX маркалары орналасқан. Сарапшылар қазақстандықтардың қайта қуатталатын гибридтерге қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтеді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 09:44