Ferrari-дің алғашқы электромобилі аукционда 40 миллион долларға сатылып, рекорда орнатты
Итальяндық өндірушінің алғашқы әрі әзірге жалғыз электр көлігі Ferrari Luce электромобилі қайырымдылық аукционында 40 миллион долларға сатылды. Осылайша, ол аукциондарда сатылған жаңа көліктер арасында ең жоғары баға бойынша рекорд орнатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Ferrari Luce – ескі модельге электр қозғалтқышы орнатылған нұсқа емес, Ferrari компаниясы жасаған мүлде жаңа модель. Luce көлігінің сыртқы дизайнын Apple компаниясының бұрынғы дизайнері, британдық Джони Айв әзірлеген. Осыдан электромобиль сүттей ақ түсімен танымал.
Бұл модельде компания Ferrari-дің дәстүрлі ұстанымдарынан екі рет бас тартқан.
- Суперкарға іштен жану қозғалтқышының орнына электр қозғалтқышын орнатқан;
- Әдеттегі Ferrari көліктері екі немесе төрт орындық болса, Luce-те бес адамға арналған орын бар.
Бұл өзгерістер 2026 жылғы мамырда Luce таныстырылғаннан кейін бірден сынға ұшырады. Көпшілік мұндай жаңашылдықтар Ferrari-дің өзіндік ерекшелігін жоғалтады деп есептейді. Соған қарамастан, Калифорнияда өткен RM Sotheby's аукционында көлік шамамен өзінің әдеттегі бағасынан 35 есе қымбатқа сатылды. Сатып алушының аты-жөні жарияланбады.
Белгілі болғандай, сатылған Ferrari Luce арнайы тапсырыспен жасалған. Оның сыртқы және ішкі безендірілуінде ерекше әрлеу мен ерекше бөлшектер бар.
Sotheby's аукцион үйі көлікті сатудан түскен барлық қаражат Ferrari қорының білім беру бағдарламаларына берілетінін мәлімдеді.
Luce моделінің тұсаукесері соңғы жылдардағы ең ауқымды жаңа көлік таныстырылымдарының біріне айналды. Осы модель арқылы Ferrari электромобильдер нарығына шықты. Қазір бұл нарықта Илон Масктың Tesla компаниясы мен қытайлық автокөлік өндірушілері басымдыққа ие.
Алайда жаңадан шыққан Ferrari-ге адамдар қуана қойған жоқ, керісінше, жағымсыз реакция көп болды. Luce сатылымы басталғаннан кейін келесі күні Ferrari акцияларының бағасы төмендеді.
Электромобильді сынағандардың арасында Италия премьер-министрінің орынбасары Маттео Сальвини мен Ferrari компаниясының директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Лука Кордеро ди Монтедземоло болды. Олар электромобиль Ferrari-дің "аңызға айналған беделіне қауіп төндіруі мүмкін" екенін айтты.
Ferrari-дің бас дизайнері Флавио Манцони мамыр айында берген сұхбатында сынның инновация процесінің бір бөлігі екенін айтты.
“Уақыт өте келе адамдар Luce моделін бағалай бастайды”, – деді дизайнер.
Компания Luce көлігінің қанша данасын сатуды жоспарлап отырғанын жасырып қалды. Алайда британдық Financial Times басылымының жазуынша, Қытайдағы жоғары сұраныстың арқасында компания өзінің жылдық сату жоспарына қол жеткізген.
Sotheby's аукцион үйі сатылған көлікті алғашқы сериялық Luce моделінің иесі атануға берілген "бірегей мүмкіндік" деп атады. Ал аукционның өзін кейінгі ұрпақ үшін инновация, жауапкершілік және болашақты ұзақ мерзімді жоспарлаудың көрінісі деп бағалады.
Ferrari көліктері аукциондарда жиі қомақты сомаға сатылады. 2025 жылы Ferrari Daytona SP3 суперкарі 26 миллион долларға сатылды. Одан түскен барлық қаражат автокөлік өндірушісінің білім беру жобаларына жұмсалды. Сол кезде де жаңа автомобильдің аукциондағы ең жоғары бағасына қатысты тарихи рекорд жаңарған еді.
Ал тарихтағы ең қымбат көлік – 1955 жылы шығарылған өте сирек кездесетін Mercedes-Benz 300 SLR Uhlenhaut Coupé. Ол 2022 жылы 142 миллион долларға сатылған.
