"Онда референдум өткізіңіздер де, мәселені жабайық": Путин мен Пашинян Арменияның болашағына қатысты пікір таласты
Ресей президенті Владимир Путин Арменияның Еуропалық одаққа немесе Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты нақты таңдауын тезірек анықтауға шақырды. Ал Армения премьер-министрі Никол Пашинян қазіргі таңда референдум өткізуге негіз жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Rtvi.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресей Армениямен қарым-қатынасын алдағы уақытта қалай дамытатынын түсінуі үшін Ереванның Еуропалық одақты (ЕО) немесе Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) таңдайтын уақыты жақындағанын анықтауы керек. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті аясында Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесуде айтты.
Путиннің сөзінше, Ресей Арменияның негізгі экономикалық серіктесі болып отыр. Ресейдің Армения экономикасындағы үлесі шамамен 30%. Биыл жыл басынан бері екі ел арасындағы тауар айналымы 2,5 миллиард долларға (1,145 триллион теңге) жеткен.
"Ресейлік компаниялар Армения бюджетіне ең көп салық төлейтін кәсіпорындардың қатарында. Сонымен бірге олар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып отыр", – деді Путин.
Ресей президенті Арменияның Еуропалық одаққа қосылу ниеті бұған дейін де талқыланғанын атап өтті. Оның айтуынша, Арменияның мұндай таңдау жасауға толық құқығы бар. Алайда ЕО-ға қосылу ЕАЭО-дағы мүшелікке қатысты қиындықтар туғызуы мүмкін. Путиннің пікірінше, бұл Арменияның ЕАЭО нарығындағы бірқатар артықшылықтарынан айырылып, қалыптасқан сауда байланыстарының үзілуіне әкелуі ықтимал.

Ресей президенті Арменияның ЕАЭО құрамына кіргеннен бері елдің жалпы ішкі өнімі шамамен үш есеге өсіп, 29,2 миллиард долларға жеткенін айтты. Ал ЕАЭО елдеріне экспорт көлемі он есеге артқанын атап өтті.
"Әрине, елдің алдағы саяси-экономикалық бағытын Армения халқы анықтауы керек. Бірақ бұл шешімді қазіргі жағдайды ескере отырып, объективті түрде қабылдау маңызды", – деді Путин.
Ол Ресей Армения халқының кез келген таңдауына құрметпен қарайтынын мәлімдеді. Дегенмен Мәскеу өзінің сауда-экономикалық саясатын соған сәйкес өзгертуі үшін Ереванды шешімін мүмкіндігінше тезірек анықтауға шақырды. Бұдан бөлек, Путин Еуропалық одақ өкілдерімен келіссөз жүргізудің оңай емес екенін айтып, оларды "ымыраға келуі қиын, қатаң келіссөз жүргізушілер" деп сипаттады.
Ресей президентінің айтуынша, Армениямен достық әрі өзара тиімді қарым-қатынасты дамыту Ресейдің де, армян халқының да негізгі мүдделеріне сай келеді. Ол екі елдің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, атом энергетикасы, көлік және цифрлық экономика салаларындағы бірлескен жобаларын атап өтті.
"Референдум өткізуге әлі ерте"
Никол Пашинян Ресеймен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға және нығайтуға Армения мүдделі екенін айтты. Сонымен қатар кейінгі жылдары аймақтағы жағдайдың өзгергенін атап өтіп, екіжақты байланыстарға "жаңа көзқараспен" қарауды ұсынды.
Арменияның ЕАЭО мүшелігі мен Еуропалық одаққа ұмтылысына қатысты Пашинян Ереванның ешқандай халықаралық міндеттемесін бұзып отырған жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, ЕАЭО туралы келісімге сәйкес, ұйымға мүше елді одақтан шығарып тастау қарастырылмаған.
Ал егер мемлекет одақтан өз еркімен шығуға шешім қабылдаса, бұл туралы серіктестеріне алдын ала хабарлауы қажет.
Путин мен Пашинян арасында пікірталас болды
Арменияның ЕАЭО мен ЕО арасындағы таңдауына қатысты мәселе талқыланған кезде Путин мен Пашинян арасында пікірталас өрбіді.
Путин Арменияның ЕО-ға қосылу процесін бастау туралы заң қабылдауға іс жүзінде ЕАЭО-дан шығу туралы шешіммен тең екенін айтты. Оның пікірінше, екі экономикалық бірлестікте қатар болу мүмкін емес. Ал Пашинян нақты таңдау жасауға әзірге уақыт келген жоқ деп жауап берді.
"Қазір бізге бұл қажет емес. Өйткені қазіргі таңда бізде нақты балама жоқ. Егер болашақта мұндай мүмкіндік пайда болса, онда біз референдум арқылы немесе онсыз таңдау жасаймыз", – деді Армения премьер-министрі.
Путин халықтың таңдау құқығы болуы керек деген пікірмен келісті.
"Онда сол таңдауды жасаңыздар да, бұл мәселені жабайық. Ең оңай жолы халықтан сұрау болып отыр. Қайсысын қалайсыздар, мынаны ма, әлде ананы ма? Болды", – деді Ресей президенті.
Еске салайық, бұған дейін Армения 2015 жылдан бері ЕАЭО құрамында. Алайда соңғы жылдары Ереванның Ресей бастаған экономикалық бірлестіктен алшақтап, Еуропалық одақпен жақындасу бағытын күшейтуі Мәскеу мен ЕАЭО елдерінің алаңдаушылығын туғызды. Армения билігі ЕО-мен интеграцияны стратегиялық бағыт ретінде қарастырып, елдің еуропалық болашағы туралы мәселені ашық талқылай бастады. Осыған байланысты Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан басшылары Ереванды нақты таңдау жасауға былтыр да шақырған еді. ЕАЭО елдері Арменияның ЕО-мен жақындасуы одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық мүдделері мен қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін екенін айтып, халықтың еркі референдум арқылы анықталуы тиіс деген ұстаным білдірді.
"Мұғалімдер де боянбасын": Қазақстандық оқушылар мектептегі макияж бен сыртқы келбетке қойылған талаптарға қарсы шықты