Ресейдегі жанармай тапшылығы Қазақстанның азық-түлік нарығына әсер етпек

Ресейдің 35 өңірінде байқалған жанармай тапшылығы егін жинау науқанына қауіп төндіріп отыр. Сарапшылардың айтуынша, көрші елдегі жағдай ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына әкелсе, оның салдары Қазақстан нарығына да әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресейдің 35 өңірін қамтыған жанармай тапшылығы егін жинау науқанының өтуіне қауіп төндіріп отыр. Қазақстан мен Ресей экономикалары өзара тығыз байланысты болғандықтан, бұл жағдайдың салдары отандық нарыққа да әсер етуі мүмкін. Мамандар көрші елде ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауы Қазақстандағы азық-түлік бағасына да ықпал етуі ықтимал екенін айтады.
Жанармай дағдарысы ең алдымен жүк тасымалы мен логистика саласына әсер етуі мүмкін. Әсіресе автокөлік арқылы тасымалданатын жүктер қауіпке ұшырайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласы да зардап шегуі ықтимал, себебі егін жинау жұмыстары дизель отынының жеткілікті болуына тікелей тәуелді.
"Ұлағат консалтинг групп" ЖШС директоры Марат Қайырленов кез келген тапшылық өнім өндіру мен астық жинау көлеміне әсер ететінін айтады.
“Ресейде картоп тапшылығы болған кезде бізде де баға екі-үш есеге дейін өсті. Қазақстан мен Ресей арасындағы ұзын шекара және кедендік одақ аясындағы еркін сауда жағдайында тауарлар Ресейге көбірек шығарылуы мүмкін”, – деді компания басшысы.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы өңдеу кәсіпорындары пайдаланатын кейбір өнімдер мен шикізат та Ресейден жеткізіледі.
R-FINANCE қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, жеткізілімдегі қиындықтар саудаға ғана емес, ел ішіндегі өндіріс жұмысына да әсер етуі мүмкін.
“Кейде біз ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмаймыз, тіпті астықты да импорттаймыз. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі төмен болғандықтан, кей өңірлер азық-түлікпен жүз пайыз қамтылмаған”, – деді Арман Байғанов.
Мамандардың пікірінше, қазақстандық өнім ең алдымен ішкі сұранысты қамтамасыз етуі тиіс.
Дегенмен экспортты толық шектеуге болмайды, өйткені ол көптеген фермерлер үшін табыс көзі болып саналады дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.
“Басымдық ішкі тұтынушыға берілуі керек. Тамыз-қыркүйек айларында егін жинау басталады, сондықтан дизель отынының жеткілікті көлемін қатаң бақылауда ұстау қажет”, – деді қаржы сарапшысы.
Әзірге ықтимал дағдарыстың ауқымы туралы нақты айту ерте. Дегенмен сарапшылар Қазақстан әртүрлі сценарийлерге, соның ішінде азық-түлік пен жанармай бағасының өсуіне дайын болуы қажет деген пікірде.
Еске салайық, бұған дейін қаржы мониторингі агенттігі АИ-92 бензинін Қырғызстанға заңсыз экспорттаған қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. Тергеу мәліметінше, күдіктілер бензинді мұнай-химия өнімі ретінде рәсімдеп, 190 мың тоннадан астам отынды шетелге шығарған. Заңсыз айналым көлемі 37,2 миллиард теңгеден асқан. Іс бойынша 9 адам жауапқа тартылып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады
Оқыңыз