Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жанармай тапшылығына жол бермеу: Бектенов шекараны бақылауды күшейтуді тапсырды

жанармай тапшылығын жою
Фото: pixabay.com

Премьер-министр Олжас Бектенов елде отын тапшылығына жол бермеу үшін шекарадағы бақылауды күшейтуді, барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бектенов жауапты министрліктер мен құқық қорғау органдары басшылығының қатысуымен сыртқы факторлардың әсерін ескере отырып, мұнай өнімдері нарығындағы қазіргі жағдай бойынша кеңес өткізді.

"Қатысушылар Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовнің баяндамасын тыңдады. Қазіргі уақытта қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп, ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Елдегі бензин, дизель және авиациялық отын қоры 1 миллион тоннадан асады. Бұл тұтынушылардың қазіргі сұранысын толық жабуға мүмкіндік береді. Мұнай өнімдері бірінші кезекте жанармай құю бекеттеріне, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және отандық әуе тасымалдаушыларына жеткізілуде. Жанар-жағармай тапшылығы байқалмайды. Өндіріс, жөнелту және жанар-жағармай материалдары қорларына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада. 

Кеңесте мұнай өнімдерін заңсыз шығаруға жол бермеу шараларына ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда Энергетика министрлігінің кейбір мұнай өнімдері мен жеңіл дистилляттарды автомобиль және теміржол көлігі арқылы ел аумағынан шығаруға тыйым салатын бұйрығы күшінде. Сондай-ақ автокөліктердің мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу енгізілген.

 Премьер-министр Олжас Бектенов ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Үкімет басшысының бұл тапсырмасы Ресейдегі жанармай тапшылығының күшеюі аясында беріліп отыр. Sib.fm басылымының мәліметінше, Ресейдің жанармай нарығы соңғы жылдардағы ең ауыр жүйелі дағдарыстардың біріне тап болған. Сарапшылардың бағалауынша, елдің 53 өңірінде жанармай сатуға шектеулер енгізілген. Ал бензин бағасының өсуі көпжылдық рекордтарды жаңартқан.

Жағдайды Украина тарапынан мұнай өңдеу инфрақұрылымына жасалған жүйелі шабуылдар ушықтырған. Соның салдарынан бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтаған.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 20 Маусым, 2026 14:45