Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құны 37 миллиард теңге болатын бензин Қазақстаннан Қырғызстанға заңсыз шығарылған

Бензин цистерналары
Фото: depositphotos.com

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен АИ-92 маркалы бензинді Қырғызстанға заңсыз шығарумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Агенттік мәліметінше, қылмыстық топ құрамында 9 адам болған. Заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін олар мұнай өнімдерін сатып алу, құжат рәсімдеу және экспорттау мақсатында 12 заңды тұлғаны тіркеген.

“Бензиннің шығу тегін заңдастыру және оны шетелге шығару үшін күдіктілер "Қара Май ОйЛ" ЖШС мен "Petro Bazis" ЖШС шағын мұнай өңдеу зауыттарын пайдаланған. Құжат жүзінде кәсіпорындар АИ-92 бензинін жеңіл дистиллятпен немесе еріткішпен араластыру қызметін көрсеткен. Алайда іс жүзінде олардың қызметі бензинді ешқандай технологиялық өңдеусіз теміржол цистерналарына құюмен ғана шектелген”, – делінген агенттік хабарламасында. 

Кейін жалған құжаттар рәсімделіп, олардың негізінде бензин ароматты көмірсутектер қоспасы, еріткіштер немесе жеңіл көмірсутектер қоспасы ретінде декларацияланған.

Нәтижесінде автокөлік бензині мұнай-химия өнімі ретінде көрсетіліп, Қырғыз Республикасына заңсыз шығарылған. Бұл әрекеттер елдің ішкі нарығында мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалған кезеңде де жүзеге асырылып келген.

Заңсыз экспортталған бензин көлемі 190 мың тоннадан асып, қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы 37,2 миллиард теңгеден асқан.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында "Түрксіб" станциясында Қырғызстанға жөнелтілмек болған шамамен 500 тонна заңсыз бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталған.

Құны 138 миллион теңге болатын тәркіленген бензин мемлекет кірісіне өткізілген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда мораторий аяқталғаннан кейін бензин мен дизель отынының бағасы көтерілгені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 19:34