"Ет пен банан қайда?": Желіде әскерилер асханасынан тараған видеоға министрлік түсініктеме берді
Жақында әлеуметтік желіде әскери асханада түсірілген видео тарады. Кадрда үстел үстінде нан, сары май және қою ботқаға ұқсас тағам көрінеді. Осыдан кейін желі қолданушылары әскерилерге неге ет пен жеміс берілмегенін сұрап, ас сапасына күмән келтірген еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Shyndyk.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Осы жағдайға байланысты редакция Қорғаныс министрлігіне сауал жолдаған. Министрлік видео Солтүстік Қазақстан облысында өткен әскери жиын кезінде түсірілгенін хабарлады. Әскерилерді тамақтандыруды облыс әкімдігі арнайы ұйым арқылы ұйымдастырған.
Ведомствоның түсіндіруінше, 22 қыркүйекте оқу-жаттығудан кейін әскери міндеттілер асханаға келген. Олардың көбі тамақты уақытында ішкен. Ал бірінші взвод шамамен жарты сағат кешігіп келгендіктен, соларға қойылған ас суып қалған.
"Жағдай белгілі болған соң, жауапты адам тамақты қайта жылытуға тапсырма берді. Кейін әскери міндеттілерге ыстық тамақ берілді", – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Видео тарағаннан кейін оны түсірген азамат та пікір білдірді. Оның айтуынша, жазба 22 қыркүйекте, оқу-жаттығудан кейін түсірілген. Ол видеоға түскен сәтте тамақтың біраз уақыт тұрып қалғанын, бірақ кейін қайта жылытылғанын айтады.
"Түскі асқа жарты сағаттай кешігіп келдік. Сол себепті тамақ суып қалған. Кейін қайта жылытып берді. Жалпы жиын кезінде тамақ сапасына қатысты ешқандай мәселе болған жоқ. Видеоны достарымызбен әзіл ретінде түсірген едік. Оның кейін қалай тарап кеткенін білмеймін", – деді видео авторы.
Қорғаныс министрлігі әскери жиынға қатысқандардан тамаққа қатысты ресми шағым түспегенін де мәлімдеді.
