Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде әкімнің шыршасына бөлінген миллиондарды сотпен іздеп жатыр

Сот отырысы
Фото: Stan.kz

Ақтөбеде қалалық мәдениет үйінен дау шықты. Әкімнің шыршасына бөлінген 6,6 миллион теңгенің қайда кеткені сотта анықталады. Аудит тексерісінен кейін мәдениет үйінің 17 миллион теңгесі қайтарылған. Енді өңірдің әртістері сотқа куә ретінде шақырылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңа жылды ақтөбеліктердің қалай қарсы алғаны 39 томдық іс болып судьяның алдында тұр.

Оқиға 2024 жылдың қараша-желтоқсан айларында басталады. Сол кезде қалалық мәдениет үйінің бас есепшісі Данагүл Айтжанова директор міндетін атқарушы Наурызбаевтың қаржылық мәселелерден хабарсыз екенін пайдаланып, оның электронды цифрлық қолтаңбасы мен паролін алғаны айтылды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Айтжанова мәдениет үйінің әкімшілік басқару бөлімінің маманы Динара А.-мен келісіп, мемлекеттік сатып алулар арқылы пайда табуды көздеген.

2024 жылдың 17 желтоқсанында "Жаңа жылым, жарқыра", "Новый год, новая жизнь, новая песня" атты мәдени-көпшілік шараны ұйымдастыруға қатысты мемлекеттік сатып алу жарияланған. Прокурордың айтуынша, конкурста айыпталушылардың туыстары жеңімпаз болған. Алайда іс материалдарында аталған шараның шын мәнінде өткізілмегені көрсетілген.

Олар тексеруден қорқып, қылмысты жасыру үшін өзге іс-шараның фото және видео материалын пайдаланған.

Әрі қарай 23 желтоқсанда екі төлеммен 9,6 миллион және 7,4 миллион теңге аударып, кейін бұл ақша банктен қолма-қол алынған. Аудит  17 миллион теңге қаржылық бұзушылықты анықтап, кейін ақша қайтарылады.

“Әрі қарай заңсыз пайда табуды жалғастырады. 27 желтоқсан күні жалған бұйрық дайындап, тағы да конкурс жариялайды. Наурызбаевты директордың міндетін атқарушы деп көрсетеді. Алайда бұл кезде Қалалық мәдениет үйінің директоры қызметін Омаров атқарды. Сонымен бірге құжатта әкім шыршасы деп көрсеткен. Ал әкім шыршасы 23 желтоқсан күні өтіп кеткен. Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит тексеруінің қорытындысына сәйкес, 6 600 000 теңге бұзушылық тіркелді”, – деді прокурор.

Іс бойынша үшінші эпизод LED экранға қатысты. Техникалық қызмет көрсетуге бөлінген ақшаның да қолды болғаны айтылған.

Сотта куә ретінде Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева да жауап берді. Айтуынша, шенеуніктің үстінен де қылмыстық іс қозғалған.

“Жылдың аяғында жаңа жылға 25 миллион теңгедей бөлінді. Бірақ келісім шартты 20 миллион теңгеге жасадық. Жалпы ковид кезінен бастап бізде қала әкімінің шыршасы жоспарға салынбайды. Тексеру жүргенде араласпауға тырыстым. Сол жылы “Жекпе жекте” 25 желтоқсанда қала әкімінің шыршасы өтті. Аз қамтылған отбасы балаларына, үздік балаларға арналған. Мамыр айында маған қатысты қылмыстық іс қозғалды, жала жабылды”, – деді Бисенғалиева.

Әкімнің шыршасына қатысты істе екі айыпталушы бар. Бірі мәдениет үйінің 34 жастағы бас есепшісі – Данагүл Айтжанова. Оған ҚК-тің 189-бабы 4-бөлігі 2-бөлігімен – “Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi талан-таражға салу” бойынша және ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы “Алаяқтық” баптарымен айып тағылған.

Екіншісі мәдениет үйінің 37 жастағы қызметкері Динара А. Ол тек ҚК-тің 189-бабы 4-бөлігі 2-бөлігімен – “Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi талан-таражға салу” бойынша күдікті.

Бас есепші Айтжанова президент атына үндеу жолдап, құзырлы органға арызды өзі жазғанын, мәдениет бөлімінің басшысына қатысты қысқарған істі қайта көтеруді сұрады.

Айтжанова өзіне тағылған айыппен келіскен жоқ. Екінші сотталушы өзі жауап бергеннен кейін ғана пікір білдіретінін айтты.

Айта кетейік, осыған дейін басы дауға қалған мәдениет үйі қызметкерлерінің жалақы ала алмай отырғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 21:32