Миллиард теңге жымқырып, үш жылға сотталған Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты

2025 жылы мамыр айында үш жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қымыстық атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сот шешімі негізінде Қожағапановтың өтелмеген бас бостандығынан айыру жазасының бір бөлігі айыппұл төлеу жазасына ауыстырылған.
"Сондай-ақ жазаны ауыстыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және сот үкімін орындауға қатысты өзге де мәселелер бойынша материалдарды қарау және шешім қабылдау тек сот органдарының құзыретіне жатады", – деп атап өтті комитет өкілдері.
Еске салайық, 2025 жылы Ерлан Қожағапанов SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған. Экс-шенеунікке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы (Ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану), ал Көккөзоваға Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айып тағылған еді. Сот шешімімен Қожағапанов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды және оған басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Сонымен қатар сот оны мемлекеттік наградаларынан айыру және қамауда болған уақытын жалпы жаза мерзіміне қосу туралы қаулы шығарды.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді
Оқыңыз