Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жемқорлық туралы хабарлаған қазақстандықтар 17,3 миллион теңгеге дейін сыйақы алады

ақша бағдарлама
Фото: Stan.kz

Қазақстанда жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға берілетін сыйақы тәртібі өзгерді. Енді заң бұзушылық туралы ақпарат бергендерге 17,3 миллион теңгеге дейін сыйақы төленуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өзгерістер Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2026 жылғы 5 тамыздағы бұйрығымен күшіне енді. Мұнда жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы беру және олардың өтініштерін қарау тәртібі нақтыланған.

Жаңа ережеге сәйкес, сыйақы мөлшері параның көлемі немесе келтірілген шығын сомасына қарай есептеледі. Ең жоғары сыйақы мөлшері 17,3 миллион теңгеге дейін жетеді. (Бұл сома 2026 жылғы АЕК көлемі мен қолданыстағы талаптар негізінде есептелген)

Ал қызметтік міндетінде хабарлауға тиісті мемлекеттік қызметкерлерге ақшалай сыйақы емес, құрмет грамотасы немесе алғыс беріледі. Сыйақы алуға құқығы бар азаматтарға уәкілетті органдар өтініш беру тәртібін түсіндіреді. Өтініш берілгеннен кейін қажетті құжаттар 10 жұмыс күні ішінде КНБ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне немесе оның аумақтық органына жолданады. 

Құжаттардың ішінде:

  • ынталандыру туралы өтінішхат;
  • тіркеу нөмірі көрсетілген өтініштің көшірмесі;
  • құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайда, әкімшілік іс бойынша құжаттар;
  • қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген сот үкімі немесе істі тоқтату туралы қаулы;
  • өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • ұлттық валютадағы ағымдағы шоттың бар екені және нөмірі көрсетілген банк анықтамасы керек.

Ал азаматқа құрмет грамотасын беру немесе алғыс жариялау үшін оның өз өтініші құжаттар топтамасына енгізілмейді.

Материалдар түскеннен кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі немесе аумақтық орган бес жұмыс күні ішінде олардың толықтығын және белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.

Одан кейін материалдарды арнайы комиссия қарайды. Оның құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің немесе КНБ аумақтық органының кемінде бес қызметкері болуы тиіс.

Егер комиссия азаматты ынталандыру туралы шешім қабылдаса, қызмет басшысы немесе аумақтық орган басшысы бір жұмыс күні ішінде тиісті бұйрық шығарады. Осы бұйрық біржолғы ақшалай сыйақы төлеуге, сондай-ақ құрмет грамотасын беруге немесе алғыс жариялауға негіз болады. Ақша бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде өтініш берушінің банк шотына аударылуы тиіс.

Біржолғы сыйақы мөлшері сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаны қарау жағдайлары мен оның нәтижесіне байланысты белгіленген тәртіп бойынша есептеледі. 

Еске салсақ, Тоқаев жемқорлыққа қарсы заңдағы өзгерістерге қол қойған еді. Енді пара беруге уәде еткендерге қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Stan.kz
Сәрсенбі, 12 Тамыз, 2026 17:23