Шекарадан жүк өткізу жеңілдеп, сауда кедергілері азаюы мүмкін: Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына не ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Жиында ол елдер арасындағы сауданы жеңілдету, жүк тасымалын цифрландыру және жасанды интеллект саласында бірлесіп жұмыс істеу жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысының сөзінше, бүгінде ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға таяп қалған. Алайда Президент елдер арасындағы экономикалық байланысты кеңейтуге мүмкіндік әлі де бар деп есептейді.
"Алайда, біздің пікірімізше, экономикалық байланыс мүмкіндіктерін әлі толық пайдалана алмай отырмыз. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресурстық, өндірістік және технологиялық әлеуетін барынша пайдаланып, жаңа өсім бағыттары мен орнықты іскерлік байланыстарды түзу маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігі қалыптасқанын қалайды. Кедергілері мейлінше аз, цифрлық процедуралар мен көлік-логистикалық байланыстары дамыған орта құрып, уағдаластықтардан нақты бастамаларға көшу керек деп санаймыз. Пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынамыз", – деді Мемлекет басшысы.
Президент ШЫҰ елдері арасында шекаралық сауда аймақтарын ашуды да ұсынды. Мұндай аймақтарда тауар алмасудың жеңілдетілген тәртібін, цифрлық рәсімдер мен заманауи есеп айырысу тәсілдерін сынауға болады.
Сонымен қатар Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды. Тоқаев банк қаржысын бірінші кезекте инфрақұрылым, технология және өнеркәсіп жобаларына бағыттауды ұсынды. Егер ұйымға мүше мемлекеттер келіссе, Қазақстан банктің штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын.
Жүк тасымалын жеңілдететін ортақ платформа құру ұсынылды
Тоқаев Еуразиядағы негізгі сауда жолдарын өзара байланыстырып, жүк тасымалын жеңілдету қажет екенін айтты. Қазақстан кеден рәсімдерін цифрландырып, электрондық құжаттарды елдер арасында өзара тануды ұсынып отыр.
"Қазақстан "Бір белдеу, бір жол" мегажобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азияның перспективті сауда жолдарымен ұштастыруға баса мән береді. Еліміз көлік саласындағы бастамаларды Шанхай ынтымақтастық ұйымы аумағында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін цифрландырып, электрондық құжаттарды өзара тану, "жасыл дәліз" қағидатын және басқа да заманауи тетіктерді қолданған жөн. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді", – деді Президент.
Жасанды интеллект орталықтары құрылуы мүмкін
Президент сөзінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға да тоқталды. Оның пікірінше, ШЫҰ елдері тәжірибе алмасумен ғана шектелмей, технологияларды бірлесіп әзірлеуге көшкені жөн.
"ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылыми, инновациялық әлеуеті мол. Сондықтан тәжірибе алмасумен ғана шектелмей, жасанды интеллект экожүйесін дәйекті түрде қалыптастыра отырып, технологияларды бірлесе ойлап табуды және құзыреттілікті арттыруды жеделдетуге болар еді. Қазақстан осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді қалайды. Биыл еліміз Қытайдың бастамасымен құрылған Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының (WAICO) негізін қалаушылардың бірі болды. Сондықтан Ұйымға мүше елдердің жетекші университеттерінің, ғылыми мекемелерінің және технологиялық компанияларының қатысуымен ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамыз", – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Тоқаев қауіпсіздік мәселесіне назар аударды. Ол Еуразияда әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселелерін бірлесіп талқылауды ұсынды. Сондай-ақ терроризм, экстремизм, сепаратизм, трансұлттық қылмыс, есірткі тасымалы, заңсыз қару айналымы мен киберқауіп мәселелерін атады.
Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау мәселесі әлі де өзекті екенін айтып, бұл жұмысты сыртқы саясат ведомстволарына жүктеуді ұсынды. Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстан ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге күш салуға дайын екенін жеткізді.
Астанада 275 мың теңгенің университет жатақханасы студенттерді шошытты