Ұлттық банк келесі жылы 500 миллионға жуық банкнота шығаруды жоспарлап отыр
Ұлттық банк келесі жылы шамамен 500 миллион банкнота шығармақ. Жаңа купюралар Банкнот фабрикасында дайындалып, алдымен Ұлттық банктің резервтік қорына түседі, кейін қажетіне қарай айналымға кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық банктің Банкнот фабрикасының бас директоры Жомарт Қажымұратовтың сөзінше, банк жыл сайын келесі жылға қанша банкнота шығару керегін алдын ала жоспарлайды.

“Біз жыл сайын маусым айында Ұлттық банк басқармасының келесі жылға банкнота өндіру көлеміне қатысты шешімін аламыз. Әдетте бұл шамамен 500 миллион банкнота болады”, — деді ол.
Әрбір жаңа банкнота сериясы көркемдік тұжырымдама мен техникалық өзгерістер ескеріліп жасалады. Бұл өзгерістер банкноталарды өндіруге және олардың айналымын жеңілдетуге бағытталған. Банкноталарды әзірлеу кезінде олардың қорғаныш элементтеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Ұлттық банк мәліметінше, банкноталардағы қорғаныш белгілері жалған ақша жасаушыларға қарсы негізгі құралдардың біріне айналған.
Биыл қаңтар-маусым айларында анықталған жалған банкноталардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 8% азайған. Ұлттық банк мұны банкноталардың қорғаныш жүйесі жақсарғанымен байланыстырады. Оған қоса Қазақстанда теңге айналымға енгізілгелі бері өнеркәсіптік тәсілмен жасалған жалған банкнота анықталмаған. Көбіне қарапайым әдіспен жасалған жалған ақшалар кездеседі екен. Оларды әдетте түрлі-түсті принтермен басып шығарады немесе шынайы банкноталарды өзгертіп жасайды.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк теңгеге ұқсайтын жалған банкноталар таралып жатқанын айтып, қазақстандықтарға ескерту жасаған еді.