Қазақстанда жаңа 500 теңгелік банкнота айналымға шығады

Ұлттық банк қазақстандықтарға жуырда жаңа дизайнмен айналымға шыққан 500 теңгелік банкноталардың түпнұсқасын қолдан жасалған жалған ақшадан өз бетінше қалай ажыратуға болатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылдың желтоқсанында Ұлттық банк жаңа 500 теңгелік банкноталарды айналымға енгізгені туралы жазған едік. Ұлттық банк мәліметінше, бұл "Сақ стилі" сериясымен шыққан бесінші банкнота. Оның дизайны дәстүрлі қазақ орнаментінің бастауы саналатын сақтар мәдениетінің көркемдік элементтеріне негізделген.
Ұлттық банк жаңа дизайнда шынайы банкноталарды қолдан жасалған ақшадан ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелер барын атап өтті.
Ұлттық банк мәліметінше, банкнотада рельеф қалыптастыратын арнайы баспа түрі – алтын интаглио қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын түстес металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.
Алдыңғы бетінде саусаққа анық сезілетін бедерлі әрі жоғары рельефті элементтерді банкнотаның жиегінен аңғаруға болады. Ол – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.
Банкнота бетінде үзік-үзік пішінде монохромды қорғаныс жібі бар. Ол жарық түскенде бір тұтас жіпке айналады. Банкнотаны еңкіш тартып, көлбеу бұрышын өзгерткенде бұл жіптен көгілдір түстің лүпілдеп тұратын динамикалық әсерін байқауға болады.
Локальды су белгісінің қорғаныш элементі – электротип. Жарыққа тосқанда электротип белгісі номинал бейнесінде анық көрінеді.
Еске салсақ, бұған дейін 2027 жылы Қазақстанда тағы бір банкнота жаңартылатыны туралы жазған едік.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты
Оқыңыз