Ұлттық банк жаңа 500 теңгелік банкноттарды айналымға енгізді
Фото: nationalbank.kz
Ұлттық банк 2025 жылдың 25 желтоқсаннан бастап жаңа дизайндағы номиналы 500 теңгелік банкноттарды айналымға енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұл "Сақ стилі" сериясымен шыққан бесінші банкнота. Ол көшпенділер мәдениетінен бүгінгі Қазақстанның бірегей мұрасын қамтып, дәстүрлі қазақы ою-өрнектің түп тамыры саналатын "Сақ стилі" элементтеріне негізделген.
Жаңа банкнота жаппай қолданысқа 2026 жылдың екінші тоқсанында шығады деп жоспарланған. Ұлттық банк ақшаны еліміздің барлық өңіріне жеткізу үшін және банкоматтар, терминалдар және басқа кассалық техника тәрізді жабдықтарды бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет екенін атап өтті.

Фото: nationalbank.kz
Банкноттардың түсі – көк.
Бет жағында:
- көкте қалықтаған құспен "Бәйтеректің" бұтағы (Есік қорғаны, б. з. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің әшекейі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
- ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен безендірілген шексіздік символы;
- артефакт – Арқардың басы түріндегі әшекейдің фрагменті (Берел қорғаны, б.з.д. 8-7 ғғ., ШҚО).
"Шатасып қалдық": Қазақстандықтар айналымдағы 1 000 теңгелік банкноттардың көптігіне шағымданды
Банкноттың артқы жағында:
- ою-өрнекпен көмкерілген қалқан аясында бейнеленіп тұрған Қазақстанда мекендейтін Арқар;
- негізгі бейненің артында бірнеше мағына беретін қазақы ою-өрнек орналасқан;
- банкноттың ортасында қазақи "шексіздік" ою-өрнегінің контуры салынып, оның ішінде "Мұзтау" тауының ландшафтық көрінісі бейнеленген.
Ұлттық банк мәліметінше, номиналы 500 теңгелік жаңа банкноттар 2025 жылдың 25 желтоқсаннан бастап айналымға енгізіледі және айналымда жүрген 2017 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік ұлттық валюта банкноттарымен екі жыл бойы ауыстырылады.
“Яғни, ескі үлгідегі барлық банкнот екі жыл ішінде айналыстан біртіндеп алынады. Тиісінше, осы кезеңде халықтың екінші деңгейдегі банктерге немесе ұлттық банк филиалдарына барып, ескі үлгідегі банкноттарды жаңа банкноттарға айырбастауы қажет емес. Жаңа және ескі үлгідегі банкноттардың айналыста қатар жүру кезеңі 2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейінгі аралықты қамтиды”, – делінген хабарламада.
Бұл кезең аяқталған соң, яғни 2027 жылғы 25 желтоқсаннан бастап, барлық банк пен Қазпоштада ескі үлгідегі банкноттарды 3 жыл ішінде, яғни 2030 жылғы 24 желтоқсанға дейін жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастауға мүмкіндік бар. Ал ҚҰБ филиалдарында оларды мерзімсіз айырбастауға болады.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк теңгенің айналымға шығатын жаңа үлгідегі банкноттарын көрсеткен еді.
Әуежайда әйелдің өмірін сақтап қалған Мұса Әбдірайым – “Жыл адамы 2025” атанды