Қазақстанда енді 500 тұрғыны бар елді мекендерге кент мәртебесі беріледі

Қазақстанда кент мәртебесін алу жеңілдейді. Енді небәрі 500 тұрғыны бар елді мекендер де кент атана алады. Парламент әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы жаңа заңды қабылдап, ауылдар мен қалалардың мәртебесін анықтау тәртібін өзгертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Парламент Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы конституциялық заңын қабылдады. Құжатқа сәйкес, қалалық елді мекендерге барлық деңгейдегі қалалар жатқызылса, ауылдық елді мекендерге әкімшілік бағынысына қарамастан барлық ауылдар мен кенттер енгізіледі.
Сондай-ақ кент мәртебесін беру талаптары өзгереді. Енді халқы 500 адамнан асатын елді мекендерге кент мәртебесі берілуі мүмкін. Қазіргі заңнамада бұл көрсеткіш 3 мың тұрғын болып бекітілген.
Бұдан бөлек, заңда президент, үкімет және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктер нақтыланған. Мемлекет басшысы:
- облыстар мен аудандарды құруға және таратуға;
- елді мекендерге республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қала мәртебесін беруге құқылы болады.
Ал үкімет президент қарауына ұсыныстар енгізеді. Сонымен қатар министрлер кабинетінің құзыретіне астананың, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың шекарасын белгілеу және өзгерту мәселелері қосылды.
Заңда жергілікті өкілді және атқарушы органдардың да әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешудегі құзыреті айқындалған. Оларға елді мекендерді кент немесе ауыл санатына жатқызу, олардың облыс пен аудан шегіндегі әкімшілік бағынысын анықтау, шекараларын бекіту және өзгерту секілді мәселелер кіреді.
Енді елді мекендердің шекарасын белгілеу және өзгерту бас жоспарлар мен даму схемалары негізінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ заң әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешуге қажетті құжаттар мен материалдардың нақты тізімін бекітеді. Құжат президенттің қол қоюына жіберілді.
Еске салайық, бұған дейін көлік министрлігі халқы 500 адамнан аз ауылдарға апаратын жолдарды асфальттауға уақытша шектеу енгізуді ұсынған еді. Жобаға сәйкес, көлік қозғалысы аз ауылдарға кіреберіс жолдарға асфальтбетон мен цементбетон жабындарын төсеу 2027 жылға дейін шектелуі мүмкін.
Оқыңыз