Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбедегі елдімекен тұрғындары қала мәртебесінен бас тартып, ауыл болуды сұрап отыр

Темір қаласы
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе облысындағы Темір қаласының тұрғындары елді мекенге ауыл мәртебесін беруді сұрап отыр. Олардың айтуынша, қазіргі қала статусы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға кедергі келтіріп, жас мамандар мен инвестиция тартуға мүмкіндік бермей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бастапқыда Қарақамыс деп аталған Темір 1870 жылы құрылған. Ол кезінде Ташкент, Бұхара, Уфа, Орынбор және Орскіден келген көпестер қатысқан жәрмеңкелерімен танылған ірі сауда орталығы болған. Темірдегі Баишев атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Ақерке Ақшабаеваның айтуынша, бұл туралы Мұстафа Шоқайдың жары Марина Шоқайдың жазбаларында айтылады.

"Ол жазбаларында Темірде өзен жағасындағы үйде тоқтағанын жазған. Біз осы ғимарат, Ахмет-халфе мешіті және шіркеу тарихи нысан ретінде қорғауға алынғанын қалаймыз, – деді мұғалім Ақерке Ақшабаева.

Елдімекенде мектеп, екі балабақша және дәрігерлік амбулатория бар. Алайда мұнда жұмыс істеуге келетін жас мамандар аз.

"Жұмысқа қабылдау конкурс негізінде өтеді. Бірақ жастар конкурсқа белсенді қатыспайды. Басқа жерлерде бос орындарға үміткерлер көп болса, бізге санаулы адам ғана келеді. Себебі бізде қала мәртебесі бар. Ауыл мен қаладағы жалақы арасында айырмашылық бар. Сонымен қатар ұсынылатын жағдайлар да маңызды", – дейді мектеп директоры Сандуғаш Тасбауова.

Темір тұрғыны Сабыржан Молдағұловтың айтуынша, қала мәртебесіне байланысты тұрғындар көптеген мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмай отыр.

"Өңірлерді дамыту", "Дипломмен ауылға" секілді бағдарламаларға біз қатыса алмаймыз. Себебі мәртебеміз – қала. Су құбыры, газ, байланыс бар. Ауылдық округ үшін бұл жақсы көрсеткіш, бірақ қала үшін жеткіліксіз. Кері кету жоқ, бірақ даму да байқалмайды, – деді Сабыржан Молдағұлов.
Тұрғындардың пікірінше, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жас отбасыларды тартуға, инфрақұрылым мен шағын бизнесті дамытуға ықпал етеді.

Темір қаласының әкімі Мұхтар Әкімов тарихта Темір қала болып қала беретінін айтты.

"Бірақ тұрғындардың көбі жеңілдіктердің жоқтығынан ауыл мәртебесін сұрайды. Халық негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қазір мұнда 36 жеке шаруа қожалығы, 3 ЖШС және 5 кооператив жұмыс істейді", – деді әкім Мұхтар Әкімов.

Қазір республикада халқы 10 мыңнан аз 12 аудандық маңызы бар қала бар. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, олардың мәртебесін өзгерту үшін маңызды шарттың бірі жергілікті қауымдастықтың пікірі. Министрліктің Өңірлік даму департаменті басқармасының басшысы Дархан Әділбековтің айтуынша, елдімекен мәртебесін өзгерту критерийлерінің бірі – жергілікті қоғамдастықтың пікірі. 

"Соның негізінде жергілікті атқарушы және өкілді органдар ауылды қалаға немесе қаланы ауылға ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Әзірге халқы 10 мыңнан аз 12 қала бойынша министрлікке мәртебені өзгерту туралы ұсыныс түскен жоқ", – деді Дархан Әділбеков.

1972 жылға дейін Темір аудан орталығы болған. Ол кезде мұнда шамамен 5 мың адам тұрған. Қазір қалада 2 мыңнан астам ғана тұрғын бар. Бастапқыда Қарақамыс деп аталған Темір 1870 жылы құрылған. Ол кезінде Ташкент, Бұхара, Уфа, Орынбор және Орскіден келген көпестер қатысқан жәрмеңкелерімен танылған ірі сауда орталығы болған. Бұл тарихи кезеңді бүгінде көне ғимараттар еске салады.

Еске салайық, бұған дейін Моңғолия билігі ел аумағындағы қазақ, орыс және өзге тілдердегі географиялық атауларды кезең-кезеңімен моңғол тіліне ауыстыру туралы шешім қабылдаған еді. Үкімет бұл бастаманы мемлекеттік тіл туралы заң талаптарын орындау және тарихи топонимдерді қалпына келтірумен байланыстырған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 09:30