Қазақстанда қала мен ауыл атауын өзгерту тәртібі өзгереді

Қазақстанда елдімекендердің атауын өзгерту тәртібін қайта қарау жоспарланып отыр. Енді мұндай шешімдер жергілікті тұрғындардың пікірін күшейтілген тәртіппен ескере отырып қабылданбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тиісті норма “Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы” Конституциялық заң жобасында бекітілген.
Не өзгермек?
Бүгін Парламент депутаттары заң жобасын палаталардың бірлескен отырысында қарады. Депутат Еркебұлан Мамбетовтің айтуынша, қала немесе ауыл атауын өзгерту кезінде тұрғындардың рөлі күшейтіледі.
“Жобада атау беру, қайта атау, атаулардың транскрипциясын нақтылау және өзгерту кезінде тұрғындардың рөлі мен халық пікірін ескеру күшейтіледі. Мұндай тәсіл белгілі бір аумақта тұратын адамдардың нақты құндылықтары мен мүдделерін көрсетуге мүмкіндік береді”, – деді депутат.
Қазір тәртіп қандай?
Негізі бұл мүлде жаңа норма емес. Халық пікірін ескеру тәртібі бұрыннан бар. Мысалы, ауылдың атауын өзгерту туралы мәселе көтерілсе, әкімдік оны мәслихаттың қарауына енгізеді. Ал тұрғындардың пікірін білу үшін жалпы жиналыс өткізіледі.
Жиналыс қорытындысы бойынша дауыс беру өтіп, шешім көпшілік дауыспен қабылданады. Кейін ономастикалық комиссия өз қорытындысын береді.
Анықтама: ономастикалық комиссия – елдімекендер, көшелер және басқа да географиялық нысандардың атауына қатысты мәселелермен айналысатын арнайы орган.
Дегенмен қоғамда елдімекен атауын өзгертуге қатысты тұрғындар мен билік арасында жиі дау туындап жатады. Сондықтан Қазақстанда мұндай шешімдерде жергілікті халықтың рөлін заң жүзінде күшейту көзделіп отыр.
"Су тапшылығы болып, қала демала алмай қалады": Экологтар Көкжайлауда 650 миллиардқа салынатын тау кластері құрылысын тоқтатуды талап етті
Оқыңыз