Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың орнына: Парламент Халық кеңесі туралы заң жобасын мақұлдады

Парламент мәжілісінің ғимараты
Фото: Gov.kz

Қазақстан парламенті Халық кеңесін құруды мақұлдады. Заң жобасы парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ал Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстан Халық Кеңесінің нақты параметрлерін таныстырды.

Министрдің айтуынша, Конституциялық заң жобасы халық мүддесін білдіруге және мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған жаңа конституциялық институтты заң жүзінде бекітуді көздейді.

Заң жобасында Халық кеңесінің мәртебесі “мемлекет жанындағы жоғары консультативтік орган” ретінде айқындалады. Осылайша, қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты диалог алаңын құру көзделіп отыр.

Халық кеңесі арқылы азаматтар өз ұсыныстары мен мәселелерін билікке жеткізе алады деп күтіледі.

“Бұл институт мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды және олардың функциясын қайталамайды. Кеңес ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша келісілген ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейтін алаң болады”, – деді министр.

Қазақстан Халық Кеңесінің жоғары органы – сессия. Ол негізгі мәселелер бойынша шешім қабылдайды, соның ішінде заң жобаларын енгізу және референдум өткізу бастамаларын қарайды. Сессиялар аралығында тұрақты алқалы орган – Төралқа жұмыс істейді.

Жекелеген бағыттарды қарау үшін тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтары құрылады. Ал ұйымдық және талдамалық сүйемелдеуді мемлекеттік орган ретінде құрылатын Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы қамтамасыз етеді.

Құрамына кімдер кіреді?

Халық кеңесі 126 мүшеден тұрады. Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, кеңес құрамына қоғамның әртүрлі топтарының өкілдерін енгізу жоспарланып отыр. Олар:

  • этномәдени бірлестіктер;
  • қоғамдық ұйымдар;
  • коммерциялық емес сектор;
  • мәслихаттар;
  • қоғамдық кеңестер.

Әр топтан 42 мүшеден ұсынылады.

Министрдің айтуынша, мұндай тәсіл әртүрлі қоғамдық мүдделерді ескеруге және ортақ ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Халық кеңесі мүшелеріне белгілі бір талаптар қойылады. Соның ішінде қоғамдық қызмет тәжірибесі болуы қажет. Сонымен қатар адалдықты қамтамасыз ету және мүдделер қақтығысын болдырмау үшін бірқатар шектеу енгізіледі.

Өкілеттік мерзімі

Халық кеңесі мүшелерін 4 жылға сайлау ұсынылып отыр. Төраға да осы мерзімге сайланады. Ол сессияда Президенттің ұсынысымен немесе кеңес мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасымен таңдалады.

Яғни, бір адам Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып екі реттен артық сайлана алмайды.

Халық кеңесі қандай өкілеттік алады?

Жаңа орган:

  • ішкі саясат бойынша ұсынымдар бере алады;
  • заң жобаларын әзірлеуге қатысады;
  • референдум өткізу туралы бастама көтере алады;
  • қоғамдық талқылаулар мен диалог алаңдарын ұйымдастырады;
  • қоғамдық бақылауға қатысады.

Сонымен қатар министр бұл органның консультативтік қызмет атқаратынын және қолданыстағы мемлекеттік органдарды алмастырмайтынын атап өтті.

Заң мен референдум ұсыну құқығы

Халық кеңесіне заң шығару бастамасы құқығы беріледі. Сондай-ақ орган референдум өткізу туралы ұсыныс енгізе алады. Мұндай шешімдерді қабылдауға жоғары талаптар қойылады: бастамаларды кеңес мүшелерінің көпшілігі қолдауға тиіс.

Халықаралық рөлі

Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесіне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру және өткізу функциясы беріледі. Сәрсембаевтың айтуынша, Астанада дәстүрлі түрде өтетін бұл съезд конфессияаралық келісімді нығайтатын маңызды халықаралық диалог алаңы ретінде қалыптасқан.

Заң жобасына сәйкес, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар Қазақстан Халық Кеңесі әзірлеген ұсынымдар мен ұсыныстарды міндетті түрде қарауға тиіс.

Сондай-ақ құжатта ішкі ұйымдастыру мәселелері, төраға орынбасарларын тағайындау тәртібі, олардың ротациясы және Кеңес мүшелерінің өкілеттігін тоқтату негіздері реттеледі.

Министрдің айтуынша, ұсынылған нормалар мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының заманауи институционалдық моделін қалыптастыруға, қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға және азаматтардың мемлекет басқаруына қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған.

Қазақстан халқы Ассамблеясы не болады?

Жаңа заң қабылданғаннан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңның күші жойылады деп ұсынылып отыр. Министрдің айтуынша, бұл мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа моделіне көшуді білдіреді.

“Қазақстан Халық Кеңесін құру Қазақстан халқының қоғамдық диалогы мен бірлігін нығайтудағы маңызды қадам болады”, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 15 Мамыр, 2026 11:20