Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы ауасынан зиян заттардың шектен тыс мөлшері анықталды

Алматы
Фото: Gov.kz

Алматының Наурызбай ауданында тұрғындардың шағымынан кейін ауа құрамында бірнеше зиян заттың рұқсат етілген мөлшерден бірнеше есе көп екені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жергілікті тұрғындар өткір иіс пен экологиялық жағдайдың нашарлауына шағымданған. Осыдан кейін мамандар тексеру жүргізді.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, тексеру кезінде азот диоксидінің мөлшері едәуір жоғары болған. Оның концентрациясы рұқсат етілген 0,2 мг/м³ көрсеткішінің орнына 4,410 мг/м³-ті көрсеткен.

Сондай-ақ бензол мөлшері де нормадан асқан: 0,3 мг/м³ орнына 5,749 мг/м³. Ал шаңды қоса алғанда, қалқыма заттардың деңгейі 0,5 мг/м³ нормасының орнына 36,949 мг/м³-ке жеткен.

Eco Almaty, Экология департаменті, аудан әкімдігі және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері тұрғындармен 13 мамырда кездесу өткізді.

Тексеру барысында мамандар ауа құрамындағы көміртек оксиді, азот диоксиді, күкірт диоксиді, күйе, қорғасын, формальдегид, күкіртсутек, бензол, көмірсутектер және басқа да заттардың мөлшерін зерттеді.

Жиналған материалдың барлығы уәкілетті органдарға жолданды. Енді тексеру нәтижелері қаралып, тиісті шаралар қабылдануға тиіс.

Еске салайық, бұған дейін былтыр Алматы қаласының тұрғыны тыныстау арқылы 518 темекі шеккенмен бірдей зиян ауа жұтқаны хабарланған еді. Дерекке сай, PM2.5 бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы 31,2 мкг/м³ болған. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормалардан 6 есе жоғары. 2024 жылмен салыстырғанда, 2025 жылы қолайсыз метеорологиялық жағдайдың салдарынан ауаның ластану деңгейі 30% артқан. 

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 15 Мамыр, 2026 09:44