Қарағанды облысында зиян заттарды төгіп келген ірі компанияға 9 миллиард теңге айыппұл салынды

Қарағанды облысында жер қойнауын пайдаланатын ірі кәсіпорын қоршаған ортаға зиян заттарды төкені үшін және басқа да заңбұзушылықтар үшін 9 миллиард теңге айыппұл арқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағанды облысының прокуратурасының мәліметінше, қадағалау органы өңірдегі ірі жер қойнауын пайдаланатын кәсіпорындардың бірін тексерген. Нәтижесінде кәсіпорын бес жыл бойы қоршаған ортаны ластап келгені анықталды. Атап айтқанда, өндірістік қалдықтар мен зиян заттарды заңсыз төгілген.
“Байыту қалдықтарын заңсыз сақтау, рұқсатсыз эмиссия шығару, байыту қалдықтарын жинайтын бөгетті заңсыз пайдалану және экологиялық заңнаманың басқа да бұзушылықтары анықталды", – делінген хабарламада.
ОқыңызҚадағалау органы кәсіпорынға қатысты жалпы сомасы 9 миллиард теңгеден асатын айыппұлдар қарастырылған әкімшілік өндірістер қозғады.
"Сонымен қатар жердің бүліну фактісі бойынша, мемлекетке келген залал 2 миллиард теңгеден асқандықтан табиғатты қорғау прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 332-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркеді. Тергеумен Қарағанды облысы прокуратурасының тиісті басқармасы айналысып жатыр", — деп хабарлады ведомство.