Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы бұрынғы элиталы үйлер ыстық су мен жылудан айырылу қаупінде тұр

Астанадағы пәтер
Фото: Видеодан скрин

Астананың орталық жағалауында орналасқан бір кездері элиталы саналған тұрғын үйлер тоғыз айдан бері басқарусыз қалып отыр. Пәтер иелері кооперативінің төрағалары арасындағы дау салдарынан тұрғындар жазда ыстық сусыз, ал қыста жылусыз қаламыз ба деп қауіптенеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Елорда жағалауындағы үйлердің басқаруына қатысты Пәтер иелері кооперативінің төрағалары ортақ мәмілеге келе алмай отыр. Тұрғындардың айтуынша, бұрын элиталы саналған бұл үйлер тоғыз айға жуық уақыттан бері қараусыз қалған. Соның салдарынан тұрғындар жазда ыстық сусыз, ал қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдайды.

Бадиша Әбішеваның айтуынша, 1990-жылдардың соңында оның көршілері жоғары лауазымды шенеуніктер болған. Ол кезде бұл және көршілес үйлер элиталы тұрғын үй саналған. Қазір болса, тозығы жеткен кіреберістер мен ғимарат қасбеттері олардың бұрынғы мәртебесін еске де салмайды.

Жергілікті тұрғындар Светлана Мустафинаның пікірінше, мұндай жағдайға үйлерді Пәтер иелері кооперативі төрайымы жеткізген.

“Ол бес жыл жұмыс істеді. Бірақ ешкім оның жұмысына риза болған жоқ. Кеңседе оны іс жүзінде ешкім көрген емес. Диспетчер де, төрайым да, бухгалтер де кеңседе болмады. Біз "Бухгалтерлік есеп қайда? Бұл біздің ақшамыз ғой! Үйді күтіп ұстауға біз төлейміз!" деп сұраймыз. Ал ол болса "Сотқа жүгініңіздер" деп жауап береді”, – деді Светлана Мустафина.

Тұрғындар ақыры сотқа жүгінген. Өткен жылдың қыркүйегінде олар жаңа төрағаны сайлаған. Алайда ол әлі күнге дейін қызметіне кірісе алмаған. Тұрғындардың бірі Асқар Үмбеталиннің айтуынша, бұрынғы төрайым үйдің құжаттары мен электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) тапсырмаған.

“250 пәтер иесінің 174-і, яғни үштен екісінен астамы менің кандидатурама дауыс берді. Соттың екі шешімі шықты. Атқару парағы жеке сот орындаушыларына берілді. Бірақ әлі күнге дейін мені электрондық жүйеде тіркеу жүргізілген жоқ. Соның салдарынан біз жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізе алмай отырмыз”, – дейді Асқар Үмбеталин.

Тұрғындардың сөзінше, бұрынғы төрайым олармен байланысқа шықпайды. Ол түсірілім тобына да пікір беруден бас тартқан.

Осындай жағдайда елорданың дәл орталығында тұратын тұрғындар қарапайым коммуналдық қызметтерден айырылып қаламыз ба деп қорқады.

Еркін Тұқтубаевтың айтуынша, үйлер қазір іс жүзінде қараусыз қалған. Оның сөзінше, өрт қауіпсіздігі қызметі тарапынан үйге қатысты көптеген ескертулер бар. Мамандар тұрғындарға жоспарланған жұмыстардың уақытында орындалмауына байланысты ыстық судың өшірілуі мүмкін екенін хабарлаған. Осылайша тоғыз айдан бері тұрғындар аулалар мен кіреберістердің тазалығы мен күтімін өз күштерімен қамтамасыз етіп келеді.

Ал осы үйлердегі пәтерлердің бағасы 50 миллион теңгеден басталады. Бір шаршы метрінің құны шамамен 1,5 мың долларына тең. Алайда тұрғындардың айтуынша, орталық жағалауда орналасқанынан басқа мақтанарлық ештеңе қалмаған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы "Мұнар тау" тұрғын үй кешенінің тұрғындары үй сапасына қатысты шағым айтып, электр қуатының жиі өшетінін, соның салдарынан ыстық су мен басқа да коммуналдық қызметтерде қиындықтар туындайтынын мәлімдеген еді. Тұрғындардың сөзінше, мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Ал құрылыс салушы Integra компаниясы электр қуатының уақытша өшуіне тұрғын үй кешенінен тыс жерде жүргізілген жол жұмыстары кезінде электр желісінің зақымдануы себеп болғанын айтып, жағдайдың өздеріне қатысы жоқ екенін хабарлаған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 17 Маусым, 2026 09:34