Павлодарда 3 жастағы қызын өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

Павлодарда өз үш жасар қызын азаптап, өлтірді деп айыпталған 26 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы жағдай 2025 жылы қыркүйекте Павлодар облысының Осмерыжск ауылында болған. Ер адам жарымен және екі кішкентай баласымен тұрған. Бір күні ол үйге ішімдік ішіп келіп, 3 жастағы қызын сабап, көршінің моншасына өзімен бірге алып кеткен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, моншаның киім ауыстыратын бөлмесінде әкесі қызын көтеріп алып, бетон еденге бар күшімен лақтырып жіберген. Ол есінен танып қалған қызын ауруханаға өзі жеткізген. Алайда дәрігерлер қызды аман алып қала алмады.
Сотта қыздың анасы баланың некеде дүниеге келгенін және бастапқыда бәрі жақсы болғанын айтты. Алайда ұлы дүниеге келген соң күйеуі іше бастаған. Қызына да қарым-қатынасы өзгерген. Ол 3 жастағы қызының өзіне туған емес екенін айтқан.
Сот анықтағандай, дәл осы себеппен ер адам қызын жүйелі түрде ұрып-соғып келген.
“2025 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін қыз бала тұрақты түрде физикалық зорлық-зомбылық көрген. Тергеу мәліметінше, ер адам қызын түнде төсекке байлап қоятын және ара-тұра ұрып-соғып отырған”, – делінген айыптау актісінде.
Сот-медициналық сарапшылар баланың денесінен әртүрлі уақытта салынған 36 дене жарақатты анықтаған. Сондай-ақ олар сотталушының "бала кір жуғыш машинаның үстінен құлап жарақат алды" деген уәжін жоққа шығарды.
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаев хабарлағандай, сот талқылауы барысында сотталушы мен оның жұбайының ұялы телефондарынан табылған қыз баланың беті мен аяғындағы соққы іздері көрінетін фотосуреттер зерттелді. Бұл материалдар іс бойынша дәлелдердің бірі ретінде қаралған.
Сотталушы азаптау айыбы бойынша кінәсін ішінара мойындағанымен, қызын қасақана өлтіргенін жоққа шығарды. Оның айтуынша, қызын абайсызда өлтіріп алған.
Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп тапты. Жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотталмағаны, сондай-ақ тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан берілген оң мінездемелер ескерілді. Ал қылмыстарды алкогольдік масаң күйде жасауы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
Судья Нұрлан Айтбаев сот үкімін жариялап, сотталушыны қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (Дәрменсіз күйдегі кәмелетке толмаған адамды азаптау) және 99-бабының 3-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған жас баланы өлтіру) бойынша кінәлі деп таныды.
Қылмыстар жиынтығы бойынша оған төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сот сотталған азаматты қаза тапқан қыздың анасына моральдық зиянды өтеу ретінде 5 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Үкім түсіндіріліп жатқан кезде сотталушы есінен танып қалды. Осыған байланысты конвой қызметкерлері оны сот залынан қолтықтап алып шыққан.
Оқыңыз