Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 3500 жыл бұрын өмір сүрген әйелдің түр-әлпеті қалпына келтірілді

3500 жыл бұрын өмір сүрген әйел
Фото: irbistv.kz

Павлодар облысында ғалымдар Екібастұз ауданындағы Шідерті маңында орналасқан Жартас қорымын зерттеді. Жұмыс ресейлік антропологтармен бірлесіп жүргізілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі irbistv.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Радиокөміртекті және изотоптық талдаулар табылған адамның нақты жасын анықтауға мүмкіндік берді. Ал антропологиялық зерттеу әйелдің дала Еуразиясындағы кейінгі қола дәуірінің маңызды мәдениеттерінің бірі – сарғарин-алексеев мәдениетіне жататынын көрсетті.

“Посткраниалды қаңқаның жақсы сақталуына байланысты бұл әйелдің бет-бейнесін ғылыми тұрғыда қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Зерттеу нәтижесінде оның 45-55 жас аралығындағы әйел екені, еуропоидтық антропологиялық типке жататыны анықталды”, – деді археолог Илья Мерц. 

Ғалымдардың айтуынша, Жартастан табылған әйел антропологиялық белгілері бойынша еуразиялық даланың батыс бөлігіндегі халықтарға және Қазақстандағы қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын өзге де ескерткіштерге жақын.

“Бұл әйелдің жанынан керамикалық ыдыс табылды. Сол ыдыс оның қай мәдениетке және қай дәуірге жататынын анықтауға мүмкіндік берді. Алайда, өкінішке қарай, сақталған жалғыз артефакт – осы ыдыс”, – деді Илья Мерц.

Зерттеу халықаралық ғылыми журналда жарияланды. Археологтар үшін бұл – мыңдаған жыл бұрынғы өткенге көз жүгіртудің нақты мүмкіндігі.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 15 Мамыр, 2026 09:55