Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуропадан жұмыс табу үшін 400 мың теңге төлеген астаналық әйел соттан бір-ақ шықты

Соттағы жәбірленуші
Фото: Жасанды интеллект

Шетелден жұмыс табу үшін делдалға 400 мың теңге төлеген астаналық әйел көрсетілген қызметке көңілі толмай, сотқа жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астана соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, Астана тұрғыны кәсіпкермен шарт жасасып, ол оған Еуропа елдерінен жұмыс табуға көмектесуге уәде берген.

Қызмет үшін 600 мың теңге төлеу қажет болған. Әйел 400 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасаған.

“Шарт бойынша кәсіпкер тек ақпарат берумен шектелмей, бос жұмыс орындарын таңдауға көмектесуі, кеңес беруі, дағдыларын тексеруі, құжаттарды дайындауы және шетелдік жұмыс берушіден мақұлдау алуға жәрдемдесуі тиіс болған. Бірнеше ай өтсе де, жұмыс табылмаған. Арызданушы ақшасын қайтаруды сұрағанда, кәсіпкер оған қызмет толық көрсетілді деген акт жіберген. Клиент құжатқа қол қоюдан бас тартып, сотқа жүгінген”, – делінген сот хабарламасында. 

Сотта кәсіпкердің арызданушыға тек жалпы кеңестер жазылған ақпарат жіберген және оның деректерін шетелдік серіктеске берген. Бос жұмыс орнын іздеу, кеңес беру, сұхбат өткізу немесе жұмыс берушіден мақұлдау алу сияқты әрекеттердің жасалғанын растайтын дәлелдер ұсынылмаған.

“Егер адамға жұмысқа орналасуға көмектесу уәде етілсе, тек жалпы жаднама беру мен шетелдегі серіктестер туралы әңгімелер нақты көрсетілетін қызметтің орнын баса алмайды. Қызмет шартта көрсетілгендей толық орындалуы тиіс. Нәтижесінде сот төленген ақшаны, моральдық зиян өтемақысын және сот шығындарын өндіру туралы шешім шығарды", – делінген хабарламада. 

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін швейцариялық инвестор Қазақстанда миллиардтаған теңгелік алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 14 Мамыр, 2026 22:58