Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада жаяу жүргіншілер өткелінде қыздың денесі қол жүгірткен ер адам қамауға алынды

Жаяу жүргіншілер өткелі
Фото: depositphotos.com

Астанада ер адам қоғамдық орында қызға тиіскені үшін қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға қаладағы сауда орталықтарының бірінің маңында болған. Жәбірленуші қыздың айтуынша, ол жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдан өтіп бара жатқанда, қарсы алдынан бір топ жас жігіт шыққан.

"Бір-біріміздің жанымыздан өтіп бара жатқан сәтте, ер адам менің кеудемнен ұстап, әрі қарай жүріп кетті. Мен ештеңе істеп үлгермедім. Бұл өте қорқынышты сезімдердің бірі болды, ішім бірден ауырып, қатты қорқып кеттім", – деп жазды жәбірленуші қыз.

Қыз құқық бұзушыны камераға түсіріп үлгеріпті. Алайда қазір қыздың парақшасындағы жазба өшірілген.

Астана қалалық полиция департаменті ер адамның жеке басы анықталғанын және "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

"Қоғамдық тәртіпті бұзатын және азаматтардың жеке басына қол сұғатын кез келген әрекетке қатаң құқықтық баға беріледі", – делінген полиция хабарламасында.

13 мамырда Астана соты ер адамға 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Айта кетейік, заңға сәйкес "ұсақ бұзақылық" жасағандар үшін мынадай жаза көзделген:

  • 20 АЕК мөлшерінде айыппұл (2026 жылы 86 500 теңге);
  • немесе 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту;
  • немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау.

Бір жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылық үшін жаза қатаңдатылып, 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылады.

Еске салсақ, бұған дейін танымал жайдарманшы пойызда мас күйде әйелге тиіскені үшін айыппұл арқалағаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 14 Мамыр, 2026 22:16