Қазақстан мен Түркия ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіретін кәсіпорын ашады: Президенттер қандай келісімге келді

Астанаға мемлекеттік сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен мемлекет басшысы Қаcым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия арасындағы мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойып, бірқатар келісімге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақорданың мәліметінше, екі елдің ресми делегация мүшелері "АНКА" ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіретін және оларға сервистік қызмет көрсететін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге келген. Қазақстан бұл ұшқышсыз ұшу аппараттарының өндірісі жолға қойылатын алғашқы шетелдік ел атанды.
TAV Holding компаниясымен жүзеге асырылатын ірі экономикалық жобалардан бөлек, қол жеткізілген келісімдер гуманитарлық саланы да қамтыды.
Қазақстан мен Түркия мәдени орталықтарды дамытуға, білім беру бағдарламаларын кеңейтуге және бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Атап айтқанда, "Абай–Акиф" бірлескен бағдарламасын жүзеге асыру, Қазақстанда Түркияның "Маариф" қорының екі мектебін ашу, Қазақстан Республикасы Президентінің телерадио кешені мен түркиялық TRT ұйымы арасындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ көпсалалы ауруханалар салу жоспарланып отыр.
ОқыңызАқорданың мәліметіне сүйенсек, Түркия Қазақстандағы жобаларға шамамен 1 миллиард доллар инвестиция салмақ. Мәселен:
- Miryıldız компаниясы Абай облысында тау-кен байыту комбинатын салуды жоспарлап отыр;
- İskefe Holding Алматыда желатин өндіретін зауыт іске қоспақ;
- Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи өндіріс орнын ашады;
- S Sistem Lojistik Ақтөбеде компаниясы "Қазпошта" АҚ-мен бірлесіп халықаралық әуежай аумағында логистикалық орталық қалыптастыруда;
- Tiryaki Holding Астанада бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салуда.
Еске салсақ, бұған дейін Түркия президенті Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені туралы жазған едік.
2,8 шақырымға 4 миллиард теңге жұмсалған: Жетісу облысындағы сарқырамаға апаратын жолдың құрылысы әлі бітпей тұр