"Өзімді Ресейдегі өзбек сияқты сезіндім": ЖСН ала алмаған ресейлік Қазақстандағы қызмет көрсетуге шүйлікті

Желіде банк картасын рәсімдеу және ЖСН алу кезінде қиындыққа тап болғанын айтып шағымданған Алматыға келген бойжеткеннің видеосы қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads желісінде жарияланған видеода ресейлік бойжеткен жеке сәйкестендіру нөмірінсіз банк шоты мен картасын тез аша алмағанына наразы болады. Оның айтуынша, бірнеше күн бойы ХҚКО мен банк арасында жүруге мәжбүр болған.
Видеода бойжеткен бейәдеп сөздер айтып, жергілікті қызметтердің жұмысына қатысты дөрекі пікір білдірді. Желі қолданушыларының ерекше назарын оның “Мен өзімді Ресейдегі өзбек сияқты сезіндім” деген сөзі аударған.
“Мен шетелдік банк картасын алу үшін құжат жинап, әр мекеменің есігін қағып жүрмін. Шынымды айтсам, өзімді Ресейдегі өзбек сияқты сезіндім. Қайда барсам да, әр жерге жұмсайды “ана жаққа барыңыз”, “мына жаққа келіңіз”, “сізге болмайды” дегендей түрлі сылтау айтады”, – деді ол.
Көптеген қазақстандық бұл пікірді мигранттар мен өзге ұлт өкілдеріне қатысты тәкаппар әрі құрметсіз сөз ретінде қабылдады. Пікір жазғандар шетелдіктер үшін ЖСН рәсімдеу – Қазақстандағы стандартты тәртіп екенін, онсыз көптеген мемлекеттік және банк қызметін алу мүмкін емес екенін атап өтті.
“Яғни ол Ресейде шетелдіктерге қысым көрсетілетінін өзі мойындап отыр. Ал дәл сондай жағдай өз басына түскенде бірден ренжіп, аузынан ауыр сөздер шығып отыр”, “Мені қазақ ретінде оның “Ресейдегі өзбек сияқты” деген сөзі қорлайды. Сонда оның ойынша, басқа эмигрант өзінен төмен бе? Ол да Қазақстанда кез келген шетел азаматы сияқты эмигрант. Түркі халықтарының қара шаңырағы саналатын Қазақстанда тұрып, түркі халқына тіл тигізу – жол беруге болмайтын нәрсе”, – деп жазды олар.
ОқыңызКейбір қолданушылар бойжеткеннің бюрократиялық қиындыққа бола эмоцияға берілгенін айтса, көпшілік ашу-ыза қорлайтын сөздер мен мұндай салыстыруды ақтай алмайды деп санайды.
Желіде бірқатар адам ресейлікке банк қызметін өз елінде рәсімдеуге кеңес берсе, енді бірі оның сөзін заң тұрғысынан тексеруді ұсынды. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұл жағдайға назар аударуын талап еткендер де бар.
“Мұндай балағат сөздер мен қорлайтын пікірлер үшін айыппұл салынып, елден шығару мәселесі қаралуы керек”, “Депортациялауды, ЖСН-ін жоюды талап етемін. Бейәдеп сөздері үшін және бауырлас өзбек халқына қатысты айтқан қорлау сөзі үшін жауап беруі керек”, “Елден шығарылсын, айыппұл емес, депортациялау қажет”, – деп жазды олар.
Ал кейбір қазақстандықтардың сөзінше, бұл сөз Ресей қалаларындағы еңбек мигранттарына қатысты қалыптасқан кемсітуші әрі таптаурын көзқарастың барын көрсетеді.
“Яғни Ресейде өзбектерді кемсіту қалыпты нәрсе ме? Ал өзі Қазақстанға келген ресейлік болған соң, мұнда бәрі оның қандай “ұлы тұлға” келгенін түсінуі керек пе?”, “Біріншіден, ол Ресейдегі өзбектерден несімен артық? Екіншіден, бұл сөзден өзге халықтарға деген менсінбеушілік, өркөкіректік, дөрекілік, Қазақстан мен жергілікті органдарға құрметсіздік байқалады. Қазақстанда шетелдіктерге ойына келгенін айтуға бола ма?” – деп жазды олар.
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа Алматыдан 120 миллион теңгеге пәтер берілмек