“Ұрып-соғып, шашымды тақырлап алып тастады”: Ресейлік әйел қазақстандықты үш жасар ұлын кепілге алды деп айыптады

Алматыда шетелдік әйелді соққыға жығып, оның үш жасар баласын кепілде ұстау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ресей азаматшасының видеоүндеуі тараған еді. Әйелдің айтуынша, ол ұлын әкесімен кездестіру үшін Алматыға алып келген. Алайда сапардың соңғы күні ер адам әйелдің телефонын тартып алып, 10 күн бойы үйде күштеп ұстап отырған.
Әйелдің айтуынша, ұлының әкесі оны аяусыз соққыға жыққан, басын еденге ұрып, шашын тақырлап алып тастаған. Қазір зардап шеккен әйелге шұғыл ота қажет. Әйелдің сөзінше, ер адам оны ар-намысына тиетін видеолар түсіруге мәжбүрлеген, ақша мен әшекейлерін ұрлап, сондай-ақ жеке деректері мен интимдік видеоларын әлеуметтік желілерде таратқан.
Жәбірленушінің айтуынша, кейін ер адам оны босатқан, алайда баланы өзінде кепіл ретінде қалдырған. Ер адам әйел құқық қорғау органдарына жүгінсе, оның отбасына зиян келтіремін деп қорқытқан.
Видеоүндеуде әйел қылмыстық іс қозғауды, баланың әкесін қамауға алуды және ұлын өзіне қайтаруды сұрайды.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қазір тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Өтініште көрсетілген барлық уәждер мен мән-жайлар мұқият тексерілуде. Тергеу барысы бақылауда", – делінген полиция хабарламасында.
Полиция тергеу нәтижесі бойынша іске құқықтық баға беріліп, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Оқыңыз