Алматыда жастарға арналған 5%-дық ипотека басталады: Нені білу керек

1 маусымнан бастап Алматыда жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй несиесін ұсынатын “Алматы жастары” бағдарламасына өтінім қабылдау басталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжаттарды 2026 жылғы 1 маусым сағат 09:00-ден 15 маусым сағат 18:00-ге дейін kezekte.kz порталы арқылы тапсыруға болады.
Өтінім беру үшін порталдағы “Тұрғын үй сервистері” бөлімінен Almaty Jastary қызметін таңдау қажет. Жүйеге кіру үшін электрондық цифрлық қолтаңба талап етіледі.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, журналистика, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары және коммуналдық қызмет саласының қызметкерлеріне арналған. Сондай-ақ “Жұмыс істейтін жастар”бағдарламасының жалға алушылары да қатыса алады.
- Несие бойынша ең жоғары сома – 20 миллион теңгеге дейін.
- Пайыздық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 10%.
Бағдарлама аясында бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға болады. Бұл қатысушыларға өз бюджеті мен қалаған ауданына қарай баспана таңдауға мүмкіндік береді.
Бағдарламаға Алматы қаласында кемінде 1 жыл тұрақты тіркеуде тұрған 35 жасқа дейінгі тұрғындар қатыса алады. Сонымен қатар қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде тұрғын үй болмауы керек.
Тағы бір талап – Алматыда кемінде 6 ай ресми еңбек өтілінің және міндетті зейнетақы аударымдарының болуы.
Еске салайық, 1 шілдеден бастап қазақстандықтар төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотека ала алады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ипотекаға бастапқы жарна ретінде 30%-дан көп төлеген қазақстандықтар 1 шілдеден бастап төменірек мөлшерлеме алатынын мәлімдеді. Ең жоғары мөлшерлеме 20%-ға дейін болады.
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа Алматыдан 120 миллион теңгеге пәтер берілмек
Оқыңыз