2,8 шақырымға 4 миллиард теңге жұмсалған: Жетісу облысындағы сарқырамаға апаратын жолдың құрылысы әлі бітпей тұр

Жетісу облысындағы "Бұрхан-Бұлақ" сарқырамасына апаратын жолды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Парламент мәжілісінің депутаты Болат Кәрімбек 30,8 шақырымдық сарқырама жолын аяқтауға бірнеше миллиард теңге қаражат жетпей қалғанын айтып, жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін қосымша қаржы бөлуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Редакция тас жолды жөндеу жұмыстарына жалпы қанша қаржы бөлінгенін, қаражаттың не себепті жетпей қалғанын және оның қашан қолданысқа берілетінін білу үшін Жетісу облысы әкімдігіне ресми сауал жолдады.
Парламент мәжілісінің депутаты Болат Кәрімбек қазір тиісті тау қыртыстарын жарып, жолдың негіздемесін төсеп жатыр.
Алайда 30,8 шақырымдық сарқырама жолын аяқтауға қаржы жетпей қалған. Осыған байланысты депутат Республикалық бюджеттен және бюджеттен тыс қаржыландыру көздері арқылы қолдау көрсетуді сұрады.
Жетісу облысы әкімдігінің дерегінше, жобаның жалпы құны – 13,8 миллиард теңге. Қаржы құрылыс кезеңдеріне қарай бөлініп жатыр. Әкімдік жөндеу жұмыстарына 8,9 миллиард теңге жетпей қалғанын мәлімдеді.
“2025 жылы Ұлттық қордан 3,9 миллиард теңге бөлініп, толық игерілген. Ал 2026 жылы жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге қарастырылып, қазір жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Қазір 223 648 текше метр көлемінде бұрғылау-жару жұмыстары атқарылған. Сондай-ақ ағаш кесу және жолдың негізін дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Ұзындығы 30,7 шақырым болатын жолдың 2,8 шақырымына жол төсемі төселген. Бұдан бөлек, жасанды жол құрылыстарына қажет темір-бетон бұйымдары жеткізіліп жатыр.
Әкімдіктің мәлімдеуінше, жол құрылысы 2025-2027 жылдарға жоспарланған. Жобаның құны өте жоғары болғандықтан, қаржыландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ жобаны толық аяқтау үшін әлі 8,9 миллиард теңге жетпейді. Облыстық әкімдік қазір қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа Алматыдан 120 миллион теңгеге пәтер берілмек