Қазақстанда ипотекалық несиелер бойынша банкрот деп тану рәсімін қатаңдату ұсынылды

Қазақстанда ипотекалық қарыз алушыларға арналған банкроттық ережелерін қатаңдату ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұндай бастаманы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сенаттың қаржы және бюджет комитетінің отырысында көтерді. Отырыста қауымдастықтың мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі директоры Бекжан Отарбаев ипотекалық несиелер бойынша жеңілдетілген соттан тыс банкроттық рәсімін алып тастауды ұсынды.
Отарбаевтың айтуынша, қазір адам несие төлемегеніне 5 жылдан асса, ешқандай қосымша шартсыз банкрот деп танылуы мүмкін. Бұл ретте қарыздың көлемі, мүліктің бар-жоғы немесе банктің берешекті өндіріп алуға үлгермеуіне себеп болған жағдайлар ескерілмейді.
"Тәжірибеде көптеген кепіл мүлкімен қамтамасыз етілген ірі несиелерді ұзақ уақыт бойы өндіріп алу жағдайлары кездеседі. Қарызды 5 жыл ішінде өндіріп алу бірқатар себептермен шектеледі, атап айтқанда қарыз алушыға қатысты қылмыстық істің қозғалуы, іздеуде болуы, кепіл мүлкіне қойылған көптеген тыйымдар мен шектеулер", – деді Бекжан Отарбаев.
ОқыңызҚауымдастық өкілінің айтуынша, қазіргі заң банктің объективті себептерге байланысты қарызды уақытында өндіріп ала алмаған жағдайдың өзінде, қарыздарды соттан тыс тәртіппен есептен шығару мүмкіндігін береді. Соның нәтижесінде, кей жағдайларда азаматтардың ипотекалық несиелері де кешіріліп жатады.
"Жоғарыда айтылғандарға байланысты, соттан тыс банкроттықтың шартсыз қолданылуы туралы тармақты өзгертіп, бұл рәсімді ипотекалық қарыз алушыларға қолданбауды ұсынамыз", – деді Отарбаев.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтардың 250 миллиард теңге қарызы кешірілетіні туралы жазған едік. Қазақстанда 66 600 адам банкрот деп танылған.
2,8 шақырымға 4 миллиард теңге жұмсалған: Жетісу облысындағы сарқырамаға апаратын жолдың құрылысы әлі бітпей тұр