Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда харассмент ұғымы заң жүзінде бекітіледі

Әріптестер
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда харассмент ұғымы заң жүзінде бекітілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, харассментке қатысты норманы енгізу бойынша түзетулерді әзірлеу жұмыстары жалғасуда және қазір мемлекеттік органдар арасында келісу кезеңінде.

"Заң жобасы қазір мемлекеттік органдарда келісу сатысынан өтуде. Өздеріңіз білесіздер, бұл – үкіметтің бастамасы. Біз оны депутаттарға ұсынбас бұрын белгілі бір рәсімдерден өтуіміз керек. Бұл мәселе күн тәртібінен алынған жоқ. Жұмысты жалғастырып, толықтай заңнамалық деңгейде бекіткенге дейін жеткіземіз", – деді Ербол Тұяқбаев.

Вице-министрдің айтуынша, тиісті жұмыс адам құқықтары жөніндегі жоспар аясында және Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) осындай норманы енгізу қажеттілігі туралы ұсынымдары негізінде жүргізіліп жатыр.

Министрлік өкілі харассмент үшін жауапкершілік нормаларын әзірлеу кезінде ең алдымен осы ұғымның өзін заң жүзінде бекітіп, оған нақты анықтама беру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ оның қолданылу аясы мен шеңберін, қолданылатын жағдайлар мен мән-жайларды нақты айқындау керектігі айтылды.

"Халықаралық үздік тәжірибелер ескеріледі. Қазіргі негізгі мәселе – қандай жауапкершілік болатыны. Бұл мәселелерді мемлекеттік органдармен келісіп жатырмыз. Қандай да бір талап енгізілсе, соған сәйкес екінші кезекте әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы тиіс", – деп нақтылады вице-министр.

Еске салсақ, бұған дейін Атырауда көшеде тұрған қыздардың денесіне қол жүгіртіп, тиіскен ер адам ұсталғаны туралы жазған едік. Ер адам жәбірленішуілердің ескертулері мен кету туралы талаптарын елемей, қыздарды оны өздері "арандатты" деп айыптаған. Видеодан зардап шеккен қыздардың бірі ер адамның "жүкті әйелдің денесіне қол жүгірткенін" айтқанын естуге болады.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 14 Мамыр, 2026 21:37